Жаңа логотип – Абай облысының рухани, тарихи және географиялық ерекшеліктерін көркем түрде бейнелейтін символикалық мәні бар туынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Енді әрбір элементтің мағынасын түсіндірейік:
ABAI – заманауи стильде жазылғанымен, ұлттық өрнек пен тарихи мән-мағынаға бай.
1. Алғашқы А – Ертіс өзенінің толқындарымен басталып, Семейдің символы болған аспалы көпірді бейнелейді. Көпір – дәнекер. Өткен мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғайтын сабақтастық.
2. B және екінші А – қос қазақ үй.
Алғашқы “Қазақ” газетінде де бейнеленген. Бұл Семейді Алаштың астанасы болғанын айтып тұр. Сонымен қатар Абай мен Шәкәрім деген емеурінді білдіреді. Бұл – рухани сабақтастықтың символы. Осы екі әріптің ортасында сәл төмен тұрған – үкі. Ол – кие мен қорғаушы күштің белгісі.
Соңғы әріп – І.
Бұл әріпті Абай білім алған медресе деп жатқандар бар. Бұл жердегі ең маңыздысы – І әрпінің басындағы ноқат. Яғни, темірқазық. Бұл – даму мен бағдар белгісі. Ұлтымыздың темірқазығы – Абай ілімі.
Логотиптің астыңғы сызықтарының иілген формасы Ертіс өзенін еске салады. Бұл – облыстың географиялық өзегі, – деп жазылған хабарламада.