Қазақстанның соңғы жаңалықтары

БҚО-да бес бала газдан уланып көз жұмды

4 Маусым 2025, 18:02
1001
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

4 маусым күні сағат 15:00 шамасында Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданына қарасты Жымпиты ауылында жеке тұрғын үйден өрт шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қайғылы оқиға салдарынан бес бірдей бала көз жұмды.

Өрт болған сәтте балалар үйде үлкендердің қарауынсыз қалған. Жалын 30 шаршы метр аумақты шарпып, үй ішіндегі жиһаз бен тұрмыстық заттар жанған. Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер үй ішінен бес баланың денесін тапқан.

Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады, алайда балалардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады, – деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Белгілі болғандай, көз жұмған балалар 2019, 2020, 2021, 2022 және 2023 жылдары туған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тиісті органдар тергеу амалдарын бастады.

Өрт сағат 15:56-да толық сөндірілген. Аудан әкімдігінің мәліметінше, отбасы жеке үйді жалдап тұрған. Қайғылы оқиға болған сәтте балалардың ата-анасы жұмыста болған. Әкесі жергілікті мәдениет үйінде шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс істесе, анасы ауыл дүкенінде еңбек еткен.

Жымпиты ауылындағы жеке тұрғын үйде болған өрт салдарынан кәмелетке толмаған балалардың қаза болуына байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады, - деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың өліміне көмірқышқыл газынан улану себеп болған.

 

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »