Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Бірі үміт ұялатады, бірі қауіп-қатерге толы": Тоқаев келешектің сценарийі туралы айтты

29 Мамыр 2025, 11:12
1032
Бөлісу:
 Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елордада өтіп жатқан AIF-2025 форумында ынтымақтастық туралы айтып, форум не үшін құрылғанын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сіздер Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен келдіңіздер. Әрқайсысыңыз тәжірибелеріңізді, дүниетанымдарыңызды және құндылықтардың ықпалымен қалыптасқан көзқарастарыңызды ортаға саласыздар. Аталған форумның мәні осындай интеллектуалдық әралуандықта жатыр. Алдымызда келешектің түрлі сценарийі күтіп тұр. Бірі үміт ұялатады, бірі қауіп-қатерге толы. Бәріне ортақ өркениет жолын таңдаймыз ба, әлде жікке бөлініп құрдымға кетеміз бе? Оны үркердей топтың мәлімдемесі емес, көптің ауызбіршілігі шешуі қажет, - дейді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, Астана халықаралық форумы осы ынтымақтастыққа қолдау білдіру үшін құрылды. Бұл алаң өзара құрметке негізделген және ашық пікірталас мүмкіндігін ұсынады. Биылғы форум тақырыбы – «Ақыл-ой қосу арқылы келешекті бағдарлау» ( Connecting Minds, Shaping the Future). Бұл – біздің үндеуіміз әрі қалтқысыз сеніміміз. 

Жаһандық сын-қатерді жалғыз еңсеру мүмкін емес. Дипломатия ресми протоколдың тар шеңберінен шығып, анағұрлым терең әрі адами қалыптағы қарым-қатынасқа төр ұсынуға тиіс. Біз дүниежүзілік дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Мұнда адамдар арасындағы сенім, білім-тәжірибемен бөлісу және азаматтық қоғамның ынтымақтастығы халықаралық қатынастардың жаңа іргетасын қалайды. Сондықтан ықпалдастықтың аясын кеңейте беруіміз керек. Қазақстан идеяның кені, араағайындық шешімдердің архитекторы және түрлі өңірлер мен мәдениеттердің серіктесі ретінде осы өзгерістерге үлес қосуға дайын, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде.

Тоқаев форум тың ойлар айтылатын ғана емес, батыл қадамдар жасалатын алаңға айналсын деп, қатысушыларды мазмұнды диалог орнатуға шақырды.

Мемлекет басшысының сөзінен кейін Астана халықаралық форумына қатысушы делегация басшылары суретке түсті.

AIF-2025 форумы өз жұмысын бастайтыны туралы жаздық. Ауқымды іс-шара Астанада өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AIF-2025 әлемде белгісіздік белең алған кезеңде өтіп отырғанын, сондай-ақ Қазақстан 450 ядролық сынақтың зардабымен әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Президент жиын барысында Қазақстан қандай қағидатты қатаң ұстанатынын, сонымен қатар еліміз жасанды интеллектіні дамытуға ерекше мән беретінін айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан AIF-2025 форумында елімізде қандай реформалар жүргізілгенін, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне реформа керек екенін атады. 

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »