Елордада баскетболдан Ұлттық мектеп лигасының финалдық кезеңі өз мәресіне жетті. Додада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің қолдауымен өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жарысқа еліміздің әр өңірінен үздік командалар жиналды. Ақтық сын - еліміздегі мыңдаған мектеп пен миллиондаған оқушыны қамтыған ауқымды республикалық жобаның шарықтау шегіне айналды.
Баскетбол жарысында Түркістан облысынан келген Далабазар мектебінің оқушылары жеңіске жетті. Күміс жүлдені Жамбыл облысындағы №24 мектеп-гимназиясы иеленді. Астана қаласындағы №62 мектеп-лицейінің жас баскетболшылары үздік үштікті түйіндеді.
Марапаттау рәсіміне Қазақстан ҰОК-нің Бас хатшысы Әлімжан Ақаев қатысты.
Халықаралық Олимпиада күні қарсаңында Ұлттық мектеп лигасын өткізу - ерекше мәнге ие. Бұл жай ғана спорттық жарыс емес, бұл – өсіп келе жатқан ұрпақтың бойында олимпиадалық қозғалыстың негізі болып саналатын құндылықтарды: үздіксіз даму, өзара құрмет пен әділдікті – қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Біз мұндай бастамалар арқылы дені сау әрі белсенді қоғамның берік іргетасын қалау мүмкін екеніне сенімдіміз, - деді Әлімжан Ақаев.
Айта кетейік, 2025 жылы Ұлттық мектеп лигасы 23 маусымда атап өтілетін Халықаралық Олимпиада күніне арналған іс-шаралар аясында өтіп жатыр. Бұл жобаның олимпиадалық құндылықтарды қалыптастырудағы маңызын айқындай түседі.
Ұлттық мектеп лигасының бағдарламасына әртүрлі спорт түрлері енген. Олар: үстел теннисі, баскетбол, волейбол, тоғызқұмалақ, футзал, жеңіл атлетика, гандбол, асық ату, шахмат және футбол.