Диетолог, Астана Медицина Университеті жанындағы академик Е. Д. Даленов атындағы ғылыми зерттеу институты жетекші ғылыми қызметкері Жанна Нұрберген балаларға тәтті сусын берудің зиянын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Медицина бүгінгі таңда барлық аурудың салдарымен күресетін негізгі орган. Яғни медициналық университетте қалай оқытады? Бізде ауру бар, сіз – дәрігерсіз, соны емдейсіз деп үйретеді. 6-7 жыл бойы медициналық университетте ауруды емдеуге ғана үйретеді десем артық айтқаным емес. Ал аурудың алдын алу, оның негізгі себебі қайда, мұны өкінішке қарай айтпайды немесе аз айтады. Профилактикалық медицина кішкентай сәби секілді енді ғана дамып келеді. Сол профилактиканы дамытуға өз үлесімізді қосудамыз. Біз бала денсаулығын күтуді балабақшадан бастап үйреткеніміз абзал. Қазағым: "Ауру – астан" деп бекер айтпайды. Кез келген ауызға салған ас – біздің 10 жылдан кейінгі жағдайымызды көрсетеді, - деп түсіндірді дәрігер.
Сонымен қатар нутрициолог маман қазіргі заманда денсаулық сақтау саласындағы статистиканың ушығып бара жатқанын аспен байланыстырды.
Неге қазір статистика ушығып, аурулар көбейіп жатыр? Қазір балаларға бәрі қолжетімді, ештеңе таңсық емес. Қазір балалар не жейді, не ішеді, сол – біздің ертең болашағымыз. Мектепте жаман тамақ бермейтіні анық. Алайда мектептен шыққаннан кейін бала не тамақ жейді? Күнде естіп жүрген әңгіме секілді көрінгенімен, балаға айтып, үйретіп отырғанымыз маңызды. Баланың сауатын арттырып, күн сайын ескертіп, айтып отырғанның артығы жоқ. Балаға нені беру, нені жегізбеу керектігін ең алдымен аналарынан бастап үйретуді ұсынамын. Мектептегі дүкендерде тәтті сусын сатылып жатқанын көріп, жүрегім ауырады. Су болып сатылғанымен, оның ішінде қанша грамм қант бар! Ал құрамында хош иістендіргіштер, былайша айтқанда, химиялық синтетикалық зат, тәттілендіргіш қосылған. Ал небәрі жарты литр суға 100-120 грамм қант салынады. Мұның бәрі ертең баланың жыныстық жетілуіне әсер етеді, - дейді Жанна Нұрберген.