Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының көтерілуіне ішкі ғана емес, сыртқы факторлар да әсер етіп отыр. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Айжан Бижанова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, ішкі нарықтағы баға қалыптасуына ең алдымен импортқа тәуелділік ықпал етеді.
Импорттың қымбаттауы ішкі нарықтағы бағаға әсер етеді. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің негізгі бөлігін отандық өндіріс қамтамасыз етіп отыр, – деді вице-министр.
Азықтың 3 түрі – сыртқа тәуелді
Ведомство дерегінше, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрінің үшеуі – тауық еті, сүзбе және қант – елімізде аз мөлшерде өндіріледі. Ал қалған 16 азықтың отандық қамту деңгейі 80%-дан жоғары.
Бағаның өсуіне не әсер етіп отыр?
Бижанованың мәліметінше, баға саясатына келесі факторлар ықпал етеді:
• сыртқы нарықтағы бағаның құбылуы,
• жанармай мен жем құнының өсуі,
• тарифтердің көтерілуі,
• теңгенің әлсіреуі,
• шектеуші шаралар,
• егістік көлемінің қысқаруы.
Осы себептерге байланысты азық бағасының болашақта қалай өзгеретінін нақты болжау мүмкін емес.
Сауда және интеграция министрлігі басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Еске салайық, осыған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың брифинг кезінде айтқан пікірі қоғамда қызу талқыға түсті. Ол журналистерге азық-түлік бағасынан хабары жоқ екенін ашық айтты.