Бұл туралы "Альфа ұрпақ" жобасында Астана қаласы әкімдігінің "Үміт" дағдарыс орталығының балалар психологі Әсел Ғаниқызы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Орталыққа зорлық-зомбылық көрген әйелдер балаларымен бірге түсетіндіктен, психолог психикасы бұзылған балалармен жиі жұмыс істейді. Сондықтан ол баланың психикалық жай-күйін қалай дұрыстауға болады, бала ойынынан ата-ана нені көре алады, анасы әкенің орнын тартып алмас үшін не істеу керек, бос уақыты көп бала мен бос уақыты жоқ баланың жайы және әйелдер дағдарыс орталығына қандай жағдайда бару керек деген сауалдарға тоқталды.
Альфа ұрпақ – 2010 жылдан кейін туған балаларды сипаттайтын термин. Бүгінде бұл ұрпақ жасөспірімдік шақты толықтай цифрлық дәуірде өткеріп келеді. Олар смартфон, планшет, жасанды интеллект және басқа да жаңа технологиялармен туғаннан таныс.
Жобаның басты мақсаты – Z және Альфа ұрпағындағы жасөспірімдерге өздерін жақсырақ түсінуге көмектесу, ата-аналарымен қарым-қатынастарын нығайту, өмірге деген құлшыныстарын арттыру және қоғамдағы жауапкершіліктерін сезінуге бағыт беру. Сондай-ақ жоба дағдарыс кезеңіндегі оқушыларға қолдау көрсетуді көздейді.