Көпшілік арасында аутизм мен шизофрения дерттері – бір диагноз деген түсінік бар. Шын мәнінде солай ма? Бұл сұрақты Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас психиатры Елена Полиенкодан сұрап көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дәрігердің айтуынша, аутизм мен шизофрения – екеуі екі бөлек дерт.
Аутизм – психологиялық дамудың бұзылуы. Бірақ шизофрения емес. Мүмкін кейін уақыт өте келе шизофрения пайда болуы ықтимал. Бірнеше жыл бұрын біздің елде нормативтік емдеу деңгейінде бұл диагнозды емдеу хаттамаларына түзетулер енгізілді. Балаға кішкентай кезінде аутизм диагнозы қойылса, ол 18 жасқа толған соң да аутизм болып қалады. Яғни құжат түрінде ол шизофрения болып ауыспайды. Бүкіл әлемде де аути спект бұзылысына ұшыраған танымал адамдар көп. Бірақ оларды шизофреник деп атаған дұрыс емес, - деп түсіндірді елорданың бас психиатры.
Сонымен қатар ол соңғы жылдары елде аутизм дертінің көбеюіне қатысты пікір білдірді.
Елімізде аутизм диагнозы күрт көбейген. Бізде (Қазақстанда – ред.) ғана емес, дүние жүзінде де осы мәселе бар. Аурудың деңгейі артуы диагноздың анықталу деңгейі көтерілуімен де байланысты. Мәселен, алғашқы медициналық-санитарлық желінің дәрігерлері психикалық бұзылыстардың ерте кезеңінде бала дамуына тест жүргізіп, сынақтан өткізуге машықталды. Балалардың коммуникациясы, мінез-құлқында қандай да бір өзгерістер болса, жалпы отбасылық дәрігер бірден оны балалар психиатрына жолдап, ата-анамен тығыз қарым-қатынас орнатады, - дейді дәрігер.