Ауа райы күрт бұзылады: бірқатар өңірде дауылды ескерту жарияланды

Кеше, 23:30
209
Бөлісу:
 istockphoto.com
Фото: istockphoto.com

Қазақстанның бірқатар өңірінде ертең, 23 мамыр күні ауа райы күрт құбылып, қауіпті метеорологиялық құбылыстар орын алады, деп хабарлайды BAQ.KZ "Қазгидромет" РМК-ға сілтеме жасап.

Ақмола және Павлодар облыстарының батысында, солтүстігінде түнгі уақытта 2 градусқа дейін аяз болады. 26 мамырда да Ақмола облысының батысы, солтүстігі мен шығысында аяз сақталады.

Алматы, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Павлодар, Түркістан және Жамбыл облыстарында найзағай ойнап, кей жерлерде бұршақ жауады. Жамбыл облысының таулы аймақтарында қатты жаңбыр жауады деп күтіледі.

Алматы, Шымкент және Қонаев қалаларында күннің екінші жартысында найзағай, бұршақ және жауын-шашын болжанған.

Бірнеше өңірде жел күшейіп, жылдамдығы 15-28 м/с дейін жетуі мүмкін. Жетісу, Алматы, Қарағанды, Ақмола, Түркістан, Ұлытау, Абай, Қостанай және Қызылорда облыстары жел екпінімен қатар, дауыл соғуы ықтимал өңірлер қатарында.

Қызылорда және Түркістан облыстарының кей бөліктерінде шаңды дауыл тұруы мүмкін. Бұл әсіресе шөлді және ашық аумақтарда байқалады.

Түнгі және таңертеңгі уақыттарда Маңғыстау, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының кей аудандарында тұман түсуі ықтимал.

Алматы, Жетісу, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды, Ұлытау, Абай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Құрғақ әрі желді ауа райы табиғи өрттердің туындау қаупін арттырады.

Мамандар тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты абай болуға, қажетсіз сапарлардан бас тартуға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »