Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Атырау облысындағы Қамыскөл көлінде шомылуға уақытша тыйым салынды

2 Маусым 2025, 08:10
234
Бөлісу:
 pexels
Фото: pexels

Атырау облысының Жылыой ауданында орналасқан Қамыскөл көлінде шомылуға уақытша тыйым салынды. Бұл туралы аудан әкімдігі ресми түрде хабарлап, халыққа сақтық шараларын ұстануды ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қамыскөл көлі – Құлсары қаласының батыс бөлігінде орналасқан шағын су қоймасы. Оның ұзындығы шамамен 3,2 шақырымды, ал ені 1,3 шақырымды құрайды. Көл Жем өзенінен Бақашы және Курсай каналдары арқылы су алады.

Мамандар жүргізген су сынамаларының санитариялық-бактериологиялық және санитариялық-химиялық талдау нәтижелері нормативтік көрсеткіштерден айтарлықтай асып кеткенін көрсетті. Осыған байланысты жергілікті билік шомылу маусымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көлде суға түсуге уақытша шектеу қойды.

Қамыскөл суының құрамында белгіленген нормадан асып кеткен көрсеткіштер анықталған соң, шомылуға тыйым салынды. Аудан тұрғындары мен қонақтарын бұл шараға түсіністікпен қарап, денсаулыққа төнетін қауіптің алдын алу үшін шектеуді қатаң сақтауға шақырамыз, - делінген Жылыой ауданы әкімдігінің хабарламасында.

Тиісті зертханалық бақылау жұмыстары жалғасады. Қауіп сейілген соң, шектеу шаралары қайта қаралады.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »