Су ресурстары және ирригация министрі әскери-теңіз күштерінде қызмет еткен кездегі суреттерін бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін Қазақстан Отан қорғаушы күнін атап өтіп жатыр. Бұл - ерлік, батырлық пен отансүйгіштік мерекесі. Ол біздің басты құндылықтарымыздың бірі — Отанға деген махаббатты бейнелейді. Өз өмірін Отанымызды қорғауға арнаған әрбір азаматқа шын жүректен күш-қуат, қажымас жігер, зор денсаулық, табыс пен бақыт тілеймін. Кезінде мен де Отан алдындағы борышымды өтедім. Сол кездің өзінде қызметім сумен тығыз байланысты болды. Үш жыл ішінде әскери-теңіз флотында қызмет атқарып, сүңгуір қайықтағы матростан Бас старшина дәрежесіне дейін көтерілдім. Солтүстік Мұзды, Атлант мұхиттарында және Жерорта теңізінде он шақты жауынгерлік кезекшілік мені шыңдап, көп нәрсені үйретті, - деп жазды Нұржан Нұржігітов. Министр су қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлерге алғысын білдірді. Сол себепті еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген азаматтарға ерекше алғыс білдіргім келеді. Ел мен халық игілігі үшін атқарып жүрген қиын да жауапты қызметтеріңізге мың алғыс! Жерімізде тыныштық пен құт-береке орнап, шаңырақтарыңызда әрқашан балалардың шат-шадыман күлкісі естілсін!, - деп жазды министр.