Орталық коммуникациялар алаңында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын жүзеге асыру туралы журналистер сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кеше ғана фотограф екеуміз Астана қаласындағы Үркер тұрғын алабындағы жайлы мектепке фоторепортаж жасау үшін барып қайттық. "Біздің кезімізде мұндай мектеп болмаған" деп қызығып қайттық. Бірақ, өкінішке қарай, еліміздегі әрбір бала жайлы мектепте оқып жатқан жоқ. Министрліктің қарапайым мектептерді инфрақұрылымдық жағынан жайлыландыруға байланысты қандай жоспары бар? - деп сұрақ қойды BAQ.KZ тілшісі.
Ғани Бейсембаев арнайы осы мәселеге қатысты Президенттің 1300 мектепті реновациядан өткізу туралы тапсырмасы бар екенін атады.
Жайлы мектептердің деңгейіне жетпей тұрған ескі 1300 мектептің барлығын заманауи деңгейге көтеруді қолға алып жатырмыз. 2027-2028 жылға дейін елімізде, шалғай ауылда болса да, барлық мектептерді жайлы мектепке ұқсайтындай, заманауи мектептердің деңгейіне көтереміз. Барлық мектептер қазір жақсы қалыпқа келіп жатыр. Бүгіннің өзінде 5 мыңнан аса мектеп өте заманауи жабдықтармен жабдықталған, - деп жауап берді министр.
Еске салсақ, кеше, яғни 20 мамырда BAQ.KZ тілшісі Астана қаласының Үркер тұрғын алабына барып, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында биылғы қаңтарда пайдалануға берілген №33 орта мектепті көріп қайтты. Директордың айтуынша, бұл мектеп 1 жылдың ішінде салынып біткен.