Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтөбе облысының оқушылары ерекше жобаны қолға алды

24 Сәуір 2025, 18:41
1083
Бөлісу:

Ақтөбе облысында ерекше әрі экологиялық маңызы зор жаңа бастама – "Мектеп орманшылығы" жобасы жүзеге аса бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ өңірдің білім басқармасына сілтеме жасап.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың бастамасымен қолға алынған бұл жоба – өскелең ұрпақты табиғатты аялауға баулып, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған тың жоба. Мұндай бастама елімізде алғаш рет Ақтөбе өңірінде қолға алынып отыр.

"Мектеп орманшылығы" — "Таза Қазақстан" республикалық акциясының жалғасы. Жобаның ашылу салтанатына облыс әкімі де қатысып, балалармен бірге ағаш отырғызу жұмысына белсене атсалысты.

Бұл – табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырудың маңызды қадамы. Әрбір отырғызылған ағаш — болашақтың тынысы, таза ауаның көзі. Сіздер өз қолдарыңызбен егілген көшетке қамқор бола отырып, жауапкершілік пен ұқыптылыққа үйренесіздер. Бұл – тек экология үшін ғана емес, тәрбиелік мәні зор іс, — деп атап өтті әкім.

Жобаның алғашқы қатысушылары қатарында Х.Доспанова атындағы №14 орта мектеп, Ф.Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясы және Ақтөбе орта мектебінің оқушылары бар. Олар Елек орман шаруашылығына қарасты 0,5 гектар аумаққа қарағай көшеттерін отырғызды.

Экологиялық игі іске Әйтеке би, Қобда, Мәртөк және Ойыл аудандарының оқушылары да қолдау білдіріп, барлығы 500-ге жуық оқушы белсенділік танытты. Жалпы алғанда, 850 түп ағаш отырғызылып, орман алқаптары кеңейтіле түседі.

Бұл жоба аясында оқушылар ағаш отырғызу ғана емес, оны күтіп-баптаудың, орман шаруашылығының қыр-сырын меңгеріп, табиғатпен етене жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, орман алқаптарында жаратылыстану мен биология пәндері бойынша дала сабақтарын өткізу жоспарланып отыр.

Биылдың өзінде облыс көлемінде 17 миллионға жуық ағаш отырғызу көзделіп отыр. Бұл – өңірдің жасыл келбетін қалыптастыруда жас ұрпақтың да үлесі зор екенін білдіреді.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »