Ақтөбе облысында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыс саны 13,4 есеге көбейген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетовтің айтуынша, былтыр өңірде 5 қылмыс тіркелсе, биыл оның саны 67-ге жеткен. Дегенмен тіркелген 67 қылмыстың 48-і немесе 72 пайызы сотқа жетпей, отбасы мүшелерінің өзара татуласуына байланысты қысқартылған.
Биыл 102 операторына отбасындағы жанжалдар бойынша 1512 қоңырау келіп түсті, оның 205-і — қайталанған шақырту. Салдарынан 1800 отбасында жанжал туғызған адамдар полиция бөлімдеріне жеткізіліп, 1581 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 1303 тұлға отбасылық-тұрмыстық жағдайда адам құқығына қарсы іс-әрекет жасағаны, сондай-ақ 104 азамат қорғау нұсқамасының талаптарын бұзғаны және 174 адам ерекше талапты бұзғаны үшін жазаланды, - дейді ол.
Биыл 4 ай ішінде облыста 1696 тұлғаға қорғау нұсқамасы шығарылса, 437 құқық бұзушының мінез құлқына сот шешімімен ерекше талап белгіленген. Ал 422 адамға ішімдік ішуге тыйым салынып, 371 қолайсыз отбасы есепке алынған.
Бүгінде отбасыларда болатын жанжалдың көбі ішімдік ішумен байланысты. Әсіресе, ер адамдар алкогольдік ішімдік ішіп, зайыбына және басқа да отбасы мүшелеріне қол көтереді. Қазір бұл ретте өңірімізде маскүнемдікке шалдыққан 117 науқас емделуге жіберілді. Алайда облыстағы емдеу мекемесінің төсек-орнын көбейту мәселесі шешілмей тұр. Сол себепті емделуге жататын тұлғаларды толық қамту мүмкін болмай отыр. Ал отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған 73 адам дағдарыс орталықтарына орналастырылды. Оның 22-сі әйел болса, 51-і — бала, - дейді ол.