АҚШ-тың Миссури штатында орналасқан Сент-Луис қаласында жойқын торнадо жүріп өтті. Алдын ала мәлімет бойынша, табиғи апат салдарынан жеті адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
NBC News хабарлауынша, бірден екі торнадо өткен, сондай-ақ қатты нөсер жауған.
Қалалық билік өкілдері табиғи апаттан 5000-нан астам үйге зиян келгенін мәлімдеді. Ауруханаларға кемінде 35 адам жеткізілген, оның ішінде 15 бала бар, – делінген хабарламада.
Қала мэрі Кара Спенсердің айтуынша, қаланың солтүстік бөлігінде коменданттық сағат енгізілген, құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сонымен қатар, Миссури штатында 97 мыңнан астам тұтынушы жарықсыз қалған.
Синоптиктердің айтуынша, бұл апатты торнадо бірнеше штатқа бір уақытта әсер еткен ірі дауыл фронтының бөлігі болған. Табиғаттың тосын мінезі нөсер жаңбыр, күшті жел мен ірі бұршақты қоса алып келген.