Келер жылы, яғни, 2026 жылдың 21-24 мамыры аралығында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында алғаш рет Enhanced Games («Жетілдірілген ойындар») атты ерекше спорттық жарыстар өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ The Guardian басылымына сілтеме жасап.
Аталған жарыстардың басты ерекшелігі – допинг қолдануға ресми түрде рұқсат берілуі. Қатысушылар жүгіру, пауэрлифтинг және жүзу секілді спорт түрлерінде жарысады, және әдеттегі халықаралық жарыстарда тыйым салынған фармацевтикалық препараттар мен технологиялық емдерді еш шектеусіз пайдалана алады.
Іс-шараны ұйымдастырушылар бұл жобаны "спорт пен ғылымның революциясы" деп сипаттап отыр. Олар «адам мүмкіндігінің жаңа деңгейін» көрсетуге ниетті, яғни фармакологиялық және биотехнологиялық жетілдірулер спорт әлемінде қалыпты жағдайға айналуы керек деген идеяны ұстанады.
Біз спорттық жетістіктерді арттыратын препараттардың қауіпсіз, ашық және дәрігерлердің бақылауымен қолданылатын болашағын ұсынамыз, - делінген жарыс ұйымдастырушыларының жарнамалық материалдарында.
Enhanced Games жобасының негізін қалаушы – Лондонда тұратын австралиялық кәсіпкер Арон Д’Суза. Оның пікірінше, қазіргі допингке қарсы саясат ескірген әрі екіжүзді. Ол жаңа жарысқа қатысушылар дәстүрлі допинг сынағынан өтпейтінін, бірақ қандай заттарды тұтынатынын ашық көрсетуге міндетті болатынын атап өтті.
Жобаға америкалық миллиардер, PayPal төлем жүйесінің негізін қалаушылардың бірі Питер Тиль және кіші Дональд Трамп басқаратын 1789 Capital инвестициялық компаниясы қаржылық қолдау көрсетіп отыр.