Жұмашев: Ауыл баласы да қаладағыдай білім алуға тиіс
"Жайлы мектеп" жобасы бірнеше жылдан бері кезең-кезеңімен іске асып келеді. Мемлекет басшысы ұсынған бұл бастама – орта білім саласында нәтижелі оқуға, шығармашылыққа және оқушылар мен мұғалімдерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған стратегиялық қадам. Жобаның қазіргі ахуалы мен болашағы жайында Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев BAQ.KZ тілшісіне сұхбат берді.
BAQ.KZ: Қаныбек Бекболатұлы, "Жайлы мектептің" ерекшелігі неде?
"Жайлы мектеп" – эрганомикалық, жайлы және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастырады. Бұл – баланың жан-жақты дамуына арналған жаңа буындағы мектеп. Мемлекет басшысы бұл жобаны елдегі орта білім сапасын көтеретін стратегиялық бастама ретінде ұсынды. Бұл – элиталық мектеп емес, кез келген балаға тең мүмкіндік беретін, жалпыға бірдей қолжетімді, заманауи білім ордасы. Онда бірыңғай білім стандарты енгізіледі, яғни ауыл мен қала баласы бір деңгейде білім алады.
BAQ.KZ: Жоба бұрыннан іске асырылып келе жатыр. Қазір қандай нақты нәтижелер бар?
Жоба бірнеше жылдан бері кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Қазірдің өзінде алғашқы жайлы мектептер ашылып, тиімділігін көрсете бастады. Ең бастысы – тек ғимараттың жаңалығы емес, білім беру мазмұны мен тәсілінің өзгеруі. Біз жай ғана мектеп салып қоймай, онда озық білім беру мен тәрбие беру моделін енгізіп отырмыз. Білім беру ортасы әр балаға оқуда, шфғармашылықта, спортта немесе ғылымда өзін табуға және жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мектеп әр оқушының ерекше таланттары мен қызығушылықтарын дамытуға жағдай жасайды.
BAQ.KZ: Жаңа мектептерде оқушыларға қандай жағдай жасалады?
Бұл мектептер кең әрі ыңғайлы. Типтік мектептермен салыстырғанда 15–20%-ға үлкен. Әр оқушыға жеке шкаф, трансформер-парта қарастырылған. Wi-Fi, бейнебақылау, қауіпсіздік жүйесі толық қамтылған. Инклюзивті білім үшін лифт, пандус, арнайы дәретханалар, инклюзия кабинеттері болады. Сонымен қатар STEM-зертханалар, робототехника, IT, тігін және аспаздық шеберханалар сияқты жаңа бағыттағы кабинеттер де бар.
BAQ.KZ: Бұл жобада тәрбие мәселесі қаншалықты ескерілген?
Біз тек біліммен шектелмейміз. Жоба "Адал азамат" мәдениеті аясында жүзеге асып жатыр. Яғни оқушыларды еңбекқор, әділетті, ар-ожданы биік азаматтар тәрбиелеуге басымдық берілген. Экологиялық тәрбие, эмоционалдық интеллект, soft skills – командамен жұмыс, креативті ойлау, көшбасшылық қасиеттер де назардан тыс қалмайды.
BAQ.KZ: Оқушылардың болашақ кәсібін анықтау жұмысы қалай жүргізілмек?
Бастауыш сыныптан бастап кәсіптік бағдар беру қолға алынады. 7-сыныптан бастап бейінді пәндер, менторлық, жеке оқу бағыттары енгізіледі. "Мансап компасы" атты цифрлық платформа әзірленіп жатыр. Ол оқушының қабілеті мен қызығушылығына сай келетін бағытты таңдауға көмектеседі.
BAQ.KZ: Ал педагогтер мен мектеп директорларына қандай талап қойылады?
Педагог үнемі даму үстінде болуы қажет. Осы жоба аясында мұғалімдерге жаңа әдістер мен цифрлық құралдарды меңгеру бойынша арнайы біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылуда. Осыған дейін 5 мың педагог онлайн және офлайн форматта семинардан өтті. Сонымен қатар жетекші педагогикалық университеттермен бірлесіп, дәл осы мектептерге арналған мұғалімдер дайындау жоспарланған. Ал директорлар негізінен "Білім беру саласындағы 1000 көшбасшы" жобасының қатысушыларынан тағайындалады.
BAQ.KZ: Ауыл мен қала мектебі арасындағы теңсіздік мәселесі қалай шешіледі?
Бұл – жобаның басты мақсатының бірі. Қазір жоспар бойынша "Жайлы мектептердің" 39 пайызы ауылдық жерлерде салынады. Бұл – білім сапасындағы алшақтықты жоюға бағытталған нақты қадам. Яғни ауыл баласы да қаладағы заманауи мектепте оқитын құрдасымен бірдей жағдайда білім алады.
BAQ.KZ: Соңғы сұрақ – бұл мектептер ел болашағына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
Бұл – адам капиталына салынған ұзақмерзімді инвестиция. Біз білімді, тәрбиелі, бәсекеге қабілетті, бастамашыл жас буынды тәрбиелеу арқылы елдің дамуына негіз қалаймыз. Мұндай мектептер – тек білім ордасы емес, елдің ертеңін қалыптастыратын орталық. Жайлы мектеп моделі - келешекте еліміздің барлық мектептерін дамытудың негізі болмақ. Пысықталған стандаттар, әдістемелер және басқару шешімдері бүкіл республика республика бойынша мектептерге масштабталады.
BAQ.KZ: Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!