"Қағазбастылық жойылды, жатақхана автоматты түрде беріледі" – цифрлық жобалар таныстырылды
Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытындағы тың жаңалықтарды айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, мектепке қабылдау кезіндегі қағазбастылық толық жойылған.
Қазір ата-аналар құжат тасымайды. Сонымен қатар “Әлеуметтік әмиян” жобасы енгізілді. Бұл жүйе арқылы тегін тамақтандыруға бөлінген қаржының ашықтығы қамтамасыз етіліп, жалған мәліметтердің жолы кесілді, - деді министр.
Мәдиевтің мәліметінше, бұл жоба еліміздің барлық мектептерінде енгізіліп жатыр. Сонымен қатар, колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу процесі де цифрландырылған.
Басқа қаладан келген студенттерге жатақхана автоматты түрде беріледі. Бұрынғыдай өтініш жазудың қажеті жоқ, - деді ол.
Цифрлық еңбек шартын жасау сервисі де іске қосылыпты. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, зейнетақы төлемдерін проактивті түрде тағайындайтын ұйымдардың тізімі кеңейіп жатыр.
Біздің бүкіл жұмысымыз үш қағидатқа негізделген: проактивтілік, қолжетімділік және мерзімділік, - деп түйіндеді министр.