Патент алу енді оңай ма? – Министр жаңа ережелерді жариялады
Мәжілістің жалпы отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында бірқатар жаңа түзетулерді таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, заң жобасы зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға бағытталған қосымша құқықтық тетіктерді енгізуді көздейді.
Негізгі жаңалықтардың бірі – патент заңына формальді сараптама кезеңінде іс жүргізуді тоқтатуға қатысты түзетулер енгізу. Егер сараптама нәтижесінде ұсынылған шешім өнертабыс ретінде танылмаса, патент беруден бас тарту туралы шешім қабылданады және өтініш берушіге бес жұмыс күні ішінде хабарланады.
Мәні бойынша сараптама орта есеппен 18 ай жүргізіледі.
Қызмет бағасы:
- Заңды тұлғалар – 66 959 теңге;
- ШОБ субъектілері – 53 567 теңге;
- Жеке тұлғалар – 20 088 теңге;
- Әлеуметтік жеңілдік санатындағы тұлғалар – 3 350 теңге.
(ҰОС ардагерлері, мүгедектер, қандастар, зейнеткерлер, көпбалалы аналар, кәмелетке толмағандар)
Сонымен қатар патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметін саралау және дараландыру енгізіледі. Бұл тәсіл ұлттық патенттік реттеуді халықаралық стандарттармен сәйкестендіріп, шетелдік және отандық өтініш берушілердің сенімін арттыруға ықпал етпек.
Өкілдер екі бағыт бойынша бөлінеді:
- Тауар белгілері, географиялық нұсқамалар, тауарлар шығарылған жерлердің атаулары;
- Өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер, селекциялық жетістіктер.
Министр Ерлан Сәрсембаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнеске қолайлы орта қалыптастыру мен инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі тапсырмаларын еске сала отырып, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бұл бағыттағы маңызды фактор екенін атап өтті.
Зияткерлік меншік саласын дамыту – креативті экономика мен тұрақты инновациялық өсудің негізгі факторы, – деді министр.