Фоторепортаж: Үркердегі жалғыз мектептің жүктемесін азайтқан жайлы мектеп қандай?
BAQ.KZ тілшісі Астана қаласының Үркер тұрғын алабына барып, “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында биылғы қаңтарда пайдалануға берілген №33 орта мектепті көріп қайтты.
Мектеп директоры Дана Амангелдіқызы бұл мектеп ашылғанша Үркерде бір ғана білім ордасы болғанын айтты.
Үркер шағын алабында біздің мектеп ашылғанша бір-ақ мектеп болды. Ол – №69 мектеп-гимназия. Ол мектепте 4 мыңнан көп бала оқыды. Кейбір сыныптар 3-ауысымда оқыды. Сондықтан біз ол мектептен 1 мыңнан аса баланы алдық. Енді олар 2 ауысымға көшті. Ал біздің мектеп балаларды 1 ауысымда оқытады. Ол түстен кейінгі уақытта түрлі үйірмелерге қатысып, оқушының дамуына мүмкіндік береді, - деді ол.
Директордың айтуынша, бұл мектеп 1 жылдың ішінде салынып бітті. Алайда 3 жыл кепілдігі болғандықтан, құрылыс компаниясымен тығыз байланыс арқылы оқу орнын жан-жақты жетілдіру жұмыстары әлі де жүріп жатыр.
Дана Амангелдіқызы Жайлы мектептің концепциясы бойынша мектепте екі кіреберіс барын жеткізді.
Екі жақтан кіру – буллингке қарсы іс-шараның бірі. Face ID арқылы жоғары сынып оқушылары бір есіктен кірсе, бастауыш сынып оқушылары екінші есіктен кіреді, - деді директор.
Face ID асханада да бар. Яғни сыбайлас жемқорлықты болдырмас үшін күніне неше бала асханаға кіріп-шыққаны, қаншасы ыстық тамақпен қамтамасыз етілгені жүйеге тіркеліп отырады.
Бізде қыш шеберханасы сияқты әртүрлі шеберханалар, робототехника, STEM лабораториялар, IT технологияға, компьютерге арналған бөлек-бөлек кабинеттер бар. Айта кетерлігі жайлы мектептерге робототехника, STEM лабораторияларға арналған құралдар беріліп қана қоймай, 3 жыл бойы мұғалімдерімізді оқыту да қарастырылған. Робототехниканы қалай беру керек, бұл құралдарды қалай пайдалануға болады, қандай мүмкіндіктер бар барлығын үйретеді, - деді Дана Амангелдіқызы.
Робототехника үйірмесін жүргізетін математика пәнінің мұғалімі Әйгерім Ақжігітова үйірменің балаларға қандай пайдасы барына тоқталды.
Мектебімізде 6 жастан асқан балаларға арналған LEGO Education жиынтықтары бар. Ол барлық жастағы балаларға қызық. Баланың ұсақ моторикасын дамытады. Конструкция жинай алатын балалардың сөздері жүйрік болады, - деді мұғалім.
Ал робототехника үйірмесінің қатысушысы, 7-сынып оқушысы Дария Қайсар таңдағысы келетін мамандығы робототехникамен тығыз байланысты екенін айтты.
Робототехника үйірмесіне қаңтардан бастап келе бастадым. Робототехника, LEGO жинау бала кезден қызықтыратын. Конструкция жинау – мен үшін тек хобби емес, пайдалы іс. Қазір роботтар дамып жатыр ғой. Оларды жинау арқылы робот жасауды тереңірек түсінемін. Ол болашақта IT саласына барғанда маған керек болады, - деді ол.
ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес, 1-10 сынып оқушылары үшін қорытынды сабақты “Білімім — Отаныма” тақырыбында бірыңғай сынып сағаты форматында өткізу туралы ұсыным берілген болатын. Соның аясында №33 орта мектеп оқушылары үзіліс уақытында биылғы оқу жылында химия және биология пәндерінен не үйренгенін көрсету үшін зертханалық жұмыстар жасады.
Жайлы мектептерде балаларға жаратылыстану пәндері бойынша өте үлкен мүмкіндіктер бар. Мысалы, бізде биология кабинеттерімен қатар биотехнология деген кабинеттер ашылған. Ол жерде оқушыларға қажет барлық жабдық бар. Қазір балалар 7-8-сыныпқа арналған өнімдердің құрамындағы ақуыз бен қанттың бар-жоғын білетін тәжірибелер жасап жатыр. Оқушылар мұндай тәжірибелерді өздері жасап көргендері дұрыс, - дейді биология пәнінің мұғалімі Алтынай Әбен.
Үркердегі жайлы мектептің тағы бір ерекшелігі мұнда болашақ медиа саласының мамандарына арналған телестудия бар.
Негізі Жайлы мектептер жоспар бойынша бір жобамен салынады. Бірақ біздің мектептің ерекшелігі – телестудияның болуы. Бұл – Samruk-Kazyna Construction-ның бізге жасаған сыйлығы, - деді мектеп директоры Дана Амангелдіқызы.
Телестудияда журналистикаға қызығатын оқушыларға арналған “Жайлы медиа” үйірмесі өтіп тұрады.
“Жайлы медиа” деген өзіміздің үйірмеміз, Instagram парақшамыз бар. Мектеп директорынан бастап сұхбаттар аламыз. Белсенді, журналистикаға қызығатын оқушылармен бірге көптеген жоспарымыз бар. Ол жоспарларды жүзеге асыратын мүмкіндіктеріміз де бар. Осы салаға қызығатын оқушыларымыз өте көп, - деді үйірме жетекшісі, қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Әнел Аманғалиқызы.
Жайлы мектептердің тағы бір ерекшелігі – инклюзия бөлімінің болуы. Диагнозы бар балаларға арнайы сыныптар ашылған.
Ерекше балалар түске дейін сабақта болады. Ал түстен кейін логопед-дефектолог, психолог мамандары олармен қосымша жұмыс істейді. Ол үшін инклюзияға арналған арнайы бөлме және сенсорика мен психология бөлмелері бар, - деді директор.
“Жайлы мектеп” ұлттық жобасы ел Президентінің тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Жоба әзірлеушісі – ҚР Оқу-ағарту министрлігі. Ел бойынша апатты мектептер мен оқушы орындарының тапшылығын жоюға арналған ұлттық жобаны жүзеге асыру “Samruk-Kazyna Construction” АҚ-ға берілді. Компания мектептерді жобалауға, салуға және жарақтандыруға жауапты бірыңғай дирекция ретінде бекітілді.