Дәрігер: Қан тапсыру – жастық пен саулықтың кілті
Қан – тіршіліктің тамыры. Адам өмірі үшін қанның маңыздылығы айтпаса да түсінікті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жыл сайын 200 мыңнан астам отандасымыз қан тапсырып, өзгенің өмірін құтқаруға атсалысады.
Қан тапсыру қалай жүргізіледі? Оның адам организміне пайдасы мен зияны бар ма? Осы және өзге де сұрақтарға Трансфузиология ғылыми өндірістік орталығы Донорлар кадрларын жинақтау бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-трансфузиолог-терапевт Әйгерім Сағамбаева жауап берді.
- Қан тапсыру қалай жүргізіледі? Кім донор бола алады?
- Қан доноры18 жасқа толған, қарсы көрсетілімдері жоқ, дені сау, салмағы 50 келіден кем емес кез келген азамат бола алады. Шектеу болмағанымен, дәрігерлер донор болу-болмауды оның жағдайына қарай жеке анықтайды.
Адам қан тапсыруға келген кезде алдымен оны әкімгер күтіп алады. Сауалнаманы донор арнайы құпиялылығы бар үстелге отырып толтырады. Одан кейін базадан азаматтың денсаулығы туралы мәліметтер толықтай тексеріледі. Ол ақпаратта донор болғысы келетін адамның тұрақты түрдегі шектеулері бар-жоғын анықтаймыз. Тексеріп болған соң донорды қан донациясы немесе компоненттер донациясына жіберетіндігін анықтайды. Егер тромбоциттер донациясына жіберілсе, қосымша тағы да қан алынады.
Дұрыс болмаса, дәрігердің кеңесіне жіберіледі. Барлығы дұрыс болса, әрі қарай тіркеледі. Зертханаға барып, қан талдаулары алынады. Одан соң дәрігердің қабылдауына барып, медициналық тексеруден өтеді. Тексеріп болған соң донорды қан донациясы (тромбоциттер донациясы) немесе компоненттер донациясына жіберетіндігін анықтайды. Егер тромбоциттер донациясына жіберілсе, қосымша тағы да қан алынады.
- Қан тапсырудың адамға пайдасы қандай?
- Қан тапсыру адам организміне пайдалы. Яғни қан тапсырған кезде иммундық жүйе нығайып, әл-ауқаты жоғарылайды. Қан жасушалары жаңарады. Жүрек-қантамыр ауруларының алдын алуға көмектеседі, олардың болу ықтималдылығын төмендетеді. Ең бастысы, гумандық, адамның адамға деген жақсылық жасауы – басқаның өмірін сақтап қалуға көмектесу. Бір қан тапсыру – үш адамның өмірін сақтайды. Қан тапсыру – саулық пен жастықтың кілті деп айтар едім.
Адам организмі қан тапсыруға үйренеді. Әр қан донациясы болған сайын адамның ағзасы дағдыланады. Қан кетуге жаттығады. Өмірде бәрі мүмкін ғой, апаттық немесе қандай да бір жағдайлар болып, қан кетсе, адам ағзасы үйренгендіктен оны оңай қалпына келтіре алады.
- Ал зияны жоқ па?
- Бастысы, адамның дені сау, қарсы көрсетілімі жоқ болса, ешқандай зиян жоқ. Біз донорларға: «Қарсы көрсетілімдеріңіз болса, жасырмай айтыңыздар» деп түсіндіреміз.
Сондай-ақ сақтық шаралары толықтай сақталады. Қан алу кезінде бірреттік
медициналық құралдар қолданылады. Донор қаны екі кезеңді скринингтен өтеді — ИХЛА
(иммунохемилюминесценттік анализ) және ПЦР (полимеразды тізбекті
реакция) әдістері арқылы тексеріледі. Донор екі рет скринингтен автоматты түрде өткізілетіндіктен, донорға да, қанды құятын адамға да барлық жағынан қауіпсіз.
- Донор қаны қанша уақыт сақтауға жарамды?
- Қан банкіндегі қор үнемі толықтырылып отырады. Ал сақтауға жарамдылығы туралы айтсақ, эритроциттер – 42 күн, тромбоциттер – 7-ақ күн сақталады. Плазманы 3 жыл сақтауға болғанымен, оған ұсыныстар аздау. Тромбоциттерді күнделікті донорларды шақырып, жинақтаймыз.
- Қан тапшылығы бар ма?
- Астана қаласы бойынша қан қоры мен қан донорлары тапшылығы жоқ. Біз күнделікті медициналық мекемелердің сұраныстарын 100% орындаймыз. 23 медициналық мекемені қанмен қамтамасыз етеміз. Бірақ күннен-күнге елордалықтардың саны артып келеді, медициналық мекемелер де ашылып жатыр. Соған орай жылдан-жылға қанға деген сұраныстың көбеюі заңдылық. Донорлардың саны да көбейсе жақсы болар еді.
- Тұрақты донорларыңыз бар ма?
- Иә, әрине. Тұрақты донорларды есепке аламыз. Жалпы, тұрақты донор дегеніміз – жылына кем дегенде үш рет және одан да жоғары қан компонентін тапсыратын донорлар.
- Орталыққа күн сайын қанша адам келеді?
- Күнделікті донор болғысы келетін 120-150 адам келеді.
- Келген донорлардын бәрі қан тапсыра алады ма?
- Шамамен 15-20 пайызы жарамай қалуы мүмкін. Бұл бір жыл ішіндегі статистика бойынша көрсеткіш.
Қазақстанда жылына 220 мың адам донор болады. Ал 380-400 мыңға жуық қан құюлар жүргізіледі.
- Донор болуға дайындық қалай жүргізілуге тиіс?
- Донор болар алдында ең алдымен дұрыс тамақтануды қолға алуы керек. Яғни қан тапсырар алдын кештен бастап ащы, тұшы, майлы, қуырылған, сүтті тағамдарды жеуге болмайды. Егер денсаулығыңызда қарама-қайшылықтар болса, қан тапсыруға болмайды. Біздің басты қағидамыз – адамға зиян келтірмеу, науқасқа пайдалы болу. Донор келген кезде бірден бас салып қан тапсыртпаймыз. Бірнеше кезеңді тексерістен өткен соң ғана қан тапсыра алады.
Алкогольдік ішімдік ішкен болса, екі күнге шеттетіледі. Шектеудің тұрақты және уақытша шектеулері бар. Мәселен, ангинамен ауырса, бір ай қан тапсыра алмайды. Ал анамнезінде жүрек-қантамыр аурулары: артериялық гипертензия II-ІII дәрежесі, миокардит, эндокардит немесе инсульт болса, тұрақты түрде шектеледі.
- Кім ақылы түрде қан тапсыра алады?
- Ведомствоның арнайы бұйрығы бар. Сол бұйрықта қандары теріс резусты донорлар туралы айтылған. Олардың саны аз болғандықтан ақылы түрде тапсырады.
- Жалпы, сирек кездесетін қан тобы қандай?
- Резусы оңнан 4-ші қан тобы, сонымен қатар резусы теріс қан тобының бәрі сирек кездесетін топқа жатады.
- Бір адам айына қанша рет қан тапсыра алады?
- Екі айда бір тапсыра алады. Тромбоциттерді екі жұмада бір тапсыруға мүмкіндік бар.
- Әңгімеңізге рахмет!