Бір кәсіпкерге 80 млн теңге. Атырау билігі жаңа жобаны қолға алмақ

Атырау облысының әкімдігі жаңа жоба бастауды жоспарлап отыр. Өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында "Атырау өнімі" атты бағдарламаны іске асыру үшін қазір тиісті министрлік өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатқан көрінеді. Жоба жергілікті өнім өндірушілерін қолдауға бағытталмақ. 1 кәсіпкерге 7 пайызбен 80 млн теңгеге дейін несие беріледі екен. Бұл туралы Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет Жұмаситов брифинг кезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Алайда әзірге жаңа жобаның бизнес иелеріне қашан қолжетімді болары белгісіз. Әйтеуір басқармадағылар осы арқылы жергілікті өнім үлесін арттыруды көздейді. 
Жалпы 2025 жылдың 1 мамырына дейінгі есеп бойынша облыста шағын және орта кәсіпкерлік саласында тіркелген субъектілердің саны 68 мыңнан асады. Оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрған субъектілердің саны 63 мыңнан астам. Кәсіпкерлер бас-аяғы 155 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 

-2024 жылдың қорытындысы бойынша біздің өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 5,3 трл теңгеге жетті. Бұл көрсеткішіміз басқа облыстармен салыстырғанда республикалық маңызы бар Астана мен Алматы қалаларынан кейін үшінші орынды иемденіп отыр Атырау облысындағы өндірілген өнім көлемі бойынша. Бұл көрсеткіштерге қол жеткізуіміз әрине өңірімізде мемлекеттік және жергілікті бағдарламалардың тиімді жүзеге асу нәтижесі. Жалпы кәсіпкерлер арасында сұранысқа ие мемлекеттік бағдарламалардың, яғни "Бизнестің жол картасы-2025" және бұл бағытта 2025 жылы 11 млрд теңгеден астам көлемде қаражат бөлінді. Оның ішінде 7,2 млрд теңге республикалық бюджеттен болса, қалғаны облыс әкімінің қолдауымен жергілікті бюджеттен бөлінген,- дейді Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет Жұмаситов.

Ал 2025 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі осы мамыр айына дейін өңірде 80-астам кәсіпкерлік субъекті қолдау тапқан. Аталған кәсіпкерлік субъектілермен 50-астам жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып отыр. Биыл Атырау облысы әкімінің қолдауымен ауыл кәсіпкерлерін дамыту мақсатында "Бизнес аймақ" деген жергілікті бағдарламаның шеңберінде 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл бағдарламаның басты мақсаттарының бірі бұл ауылдық жерлерде, шалғай елдімекендерде кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады. Бөлінген қаржы арқасында жобаны Атырау Аграрлық несие корпорациясы арқылы жүзеге асыруды жоспаралап отыр жауаптылар. Айта кету қажет өткен жылы бұл бағытта 480 млн теңге бөлінген еді. 

-Одан өзге кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан қаржылай емес қолдау шаралары да қарқынды жүзеге асырылады. Жыл басынан бері шамамен 2000-жуық кәсіпкердің қатысуымен ақпараттық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Өзгерістер енгізілген заңнамалар мен мемлекеттік бағдарламалар түсіндірілді. Сонынмен қатар, ауылдық жерлерді аралай отырып, қаржылық институттары мен мемлекеттік органдармен осы кәсіпкерлік субъектілерге қандай да бір мемлекеттік қызмет көрсететін бәріміз сол жұмысты жүргіздік,-дейді Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет Жұмаситов.

Басқарма басшысының орынбасары кәсіпкерлерге сервистік қолдаулар да көрсетілетінін айтады. Бизнес иелеріне салықтық, бухгалтерлік есептілік және кедендік есептілік пен тағы да басқа сүйемелдеу бағытындағы жыл басынан бүгінге дейін 200-ге жуық қызмет көрсетілді. 

Кәсіпкерлер арасындағы ең сұранысқа ие бағдарламаның тағы бірі бұл мемлекеттік қайтарымсыз грант. Биыл бұл бағытта 106 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Аталған грант түрін мамыр, маусым айларында, тағы бір бөлігін қыркүйек пен қазан айларында жылына 2 рет өткізу жоспарланған екен. 
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »