Астанада мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үйлер қалай жөнделеді
Қазақстанда көпқабатты үйлерді күрделі жөндеуден өткізуге арналған мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатыр. Бұл бастама елдегі тұрғын үй қорының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осыған орай елорданың Алматы ауданындағы Құдайбердіұлы 29/1 мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің мүлік иелері бірлестіктері төрағасы Ерлан Карбаев мемлекеттік бағдарламаның шынайы іске асуын қамтамасыз ету үшін өз МИБ-ымен (мүлік иелері бірлестіктері) жаңа үлгі қалыптастырған.
Біз пилоттық жоба ретінде жаңа төлем тәртібін енгіздік. Әрбір кезеңді құжаттап, тұрғындарды түгел үдерісте қатыстырдық. Мердігерлерді ауыстырдық, кепілдік талап еттік. Нәтижесінде сапалы жөндеу жасалды, – дейді ол.
Карбаевтың айтуынша, бағдарламада ұсынылған 450 пәтермен жеке келісімшарт жасасу талабы – шынайылықтан алыс. МИБ заңнамаға сүйене отырып, меншік үлесіне сай ұжымдық келісім арқылы жөндеуді жүзеге асыруға қол жеткізген.
Олар жөндеу жұмыстарының сапасын бақылап, кепілдіктің болуын талап етті. Осылайша тұрғындар мүлкін қорғап, мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуына жол ашты.
Мамандардың пікірінше, мемлекеттік бағдарламалар бойынша күрделі жөндеуді жүзеге асыру кезінде барлық қала мен өңірлерде бірыңғай ережелер мен стандарттарды енгізу – басты міндет.
Бір қалада қатаң талап болса, екіншісінде ол болмайды. Бұл заңнаманың орындалмауына және мемлекеттің қаражаты мақсатсыз жұмсалуына себеп болады, – дейді Гүлвира Абетова.
Сала өкілдері қазіргі 2023-2029 жылдарға арналған ТКШ даму тұжырымдамасын қайта қарау қажет деп санайды. Өйткені жылжымайтын мүлік иелері мен басқару органдарына қойылатын нақты талаптар болмаған жағдайда, кез келген жөндеу жұмысы уақытша ғана нәтиже береді.
Мемлекеттік бағдарламалар тиімді жұмыс істеуі үшін:
* ашықтық пен тұрғындардың қатысуын қамтамасыз ету,
* кепілдік міндеттемелерін енгізу,
* мердігерлерге қойылатын талаптарды күшейту,
* бірыңғай бақылау жүйесін құру қажет.
Бүгін қабылданған шешімдер – ертеңгі қауіпсіз үйдің кепілі, - дейді сарапшылар.