Астанада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді
Сенбі, жексенбі күндері, яғни, 2025 жылғы 24 және 25 мамырда Астанада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шара Нұрғиса Тілендиев даңғылы, 12а мекенжайында орналасқан "Koktal" сауда-ойын-сауық орталығының аумағында ұйымдастырылады. Жәрмеңке сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді.
Жәрмеңкеге Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген жергілікті фермерлер мен өндірушілер қатысады. Қала тұрғындары мен қонақтары жаңа піскен көкөністер мен жемістерді, ет, сүт және ұн өнімдерін, кондитерлік тағамдарды, табиғи шырындар мен тосаптарды, басқа да ауыл шаруашылығы тауарларын қолжетімді бағамен сатып ала алады.
Келушілерге ыңғайлы болу үшін жәрмеңке маңынан №2, 32, 49, 50 және 73 бағыттағы автобустар өтеді. Сонымен қатар, елордада Бейбарыс Сұлтан көшесі, 23 мекенжайында (“Рио-де-Жанейро” тұрғын үй кешенінің қарсысында) орналасқан күн сайынғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де жұмыс істейді. Оның жұмыс уақыты – 09:00-ден 19:00-ге дейін.
Әкімдік қала тұрғындарын сапалы әрі арзан өнімдерді сатып алып, отандық өндірушілерді қолдауға шақырады.