Астана жастары «Шарапат» орталығының аумағын тазалады
«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы және «Таза білім ордасы» апталығы аясында экологиялық сенбілік өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараны AMANAT партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының, Қазақстан халқы ассамблеясының және «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының қолдауымен Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды.
Іс-шараға 50-ге жуық белсенді жас қатысты, олар қаланы таза ету және қарт адамдарға қамқорлық көрсету мақсатында бас қосты. Қатысушылар орталықтың аумағын қоқыстан тазартып, абаттандыру және көгалдандыру жұмысын жүргізді. Жастар тазалыққа үлес қосып қана қоймай, экологияны сақтаудың және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Бұл іс-шара аға ұрпаққа – ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне, еліміздің дамуына зор үлес қосқан жандарға құрмет көрсетуге арналған. Мұндай акциялар тұрақты өтеді, көктем мезгілінің басынан бастап бұл бастама үшінші немесе төртінші мәрте ұйымдастырылды. Біз қоғамдық кеңістікті көгалдандыруға немесе тазартуға үлес қосып қана қоймай, жастардың өткен тарихқа және тарихи оқиғалардың ортасында болған жандарға құрмет көрсетуін насихаттаймыз, - дейді Жастар саясаты мәселелері басқармасының жетекші маманы Әлібек Жүсіпов.