Ақтөбелік өнегелі отбасылар: бірлік пен берекенің үлгісі
Бүгінде Ақтөбе облысында әулетімен бір салада абыройлы еңбек етіп, сол саланың дамуына елеулі үлес қосып жүрген отбасылар жетерлік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осындай отбасылардың бірі — Сұлтангереевтер әулеті. Бұл әулеттің үлкені де, кішісі де еліміздің денсаулық саласын дамытуға үлкен үлес қосып келеді.
Әулеттің үлкені, отағасы, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, жоғары санатты травматолог Бақыт Сұлтангереевтің айтуынша, дәрігер болу – тек мамандық емес, бұл тағдыр. Бұл – жанмен сезіліп, жүрекпен атқарылатын қызмет. Осындай қасиетті жолды таңдаған ел ағасы бүгінде өзінен тараған ұрпағының да осы саланы меңгеруіне атсалысып келеді.
- Біздің әулет – шын мәнінде дәрігерлер әулеті. Медицинаға деген құрмет пен сүйіспеншілік бізде атадан балаға беріліп келеді. Әкем Лұқбан Сұлтангереев – Ұлы Отан соғысының ардагері, медициналық қызметтің фельдшері болған. “Қызыл жұлдыз” орденімен марапатталып, соғыстан кейін Ойыл ауданында ұзақ жылдар бойы ауылдық амбулаторияны басқарып, халыққа адал қызмет еткен. Өзі жоғары медициналық білім ала алмағанымен, балаларының ақ халатты абзал жан болуын армандады. Осы арманмен мені және үлкен апам Жаннаны Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түсірді. Мен хирург, ал апам терапевт мамандығын алып, екеуміз де еңбек жолымызды туған ауылымыздан бастадық. Бірнеше жыл ауылда қызмет атқарған соң, мен Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына травматология және ортопедия мамандығы бойынша клиникалық ординатураға түсіп, кейін осы кафедрада ассистент болып еңбек еттім. Медицина ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғап, доцент атағын алып, өз өмірімнің 40 жылдан астам уақытын практикалық медицинаға, ғылыми ізденіске және болашақ дәрігерлерді даярлауға арнадым, - дейді Бақыт Сұлтангереев.
Ел ағасы студенттік шағында жары Гүлзия Қазинамен танысқан. Екеуі бір курста оқып, университет бітірген соң отбасын құрған. Зайыбы ауылдық амбулаторияда акушер-гинеколог ретінде еңбек жолын бастап, уақыт өте келе күрделі гинекологиялық оталар жасап, өңірдің жетекші акушер-гинекологы атанған. Оның жасаған оталары қатарында жатырды толық алып тастау, лапароскопиялық миомэктомия және перинеопластика сынды күрделі оталар бар.
- Отбасында біз үш ұл тәрбиелеп өсірдік. Үлкеніміз Аслан Сұлтангереев – медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты травматолог-ортопед. Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында политравма департаментінің меңгерушісі. Екінші ұлымыз Ерлан Сұлтангереев – жоғары санатты хирург-дәрігер, PhD дәрежесі бар, қазіргі таңда облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарады. Кенжеміз Нұрлан Сұлтангереев – жоғары санатты кардиохирург, қазіргі уақытта дәрігер-ординатор болып жұмыс істейді, - дейді ол.
Сұлтангереевтер әулетіндегі келіндер де бүгінде еліміздің денсаулық сақтау саласында абыройлы қызмет етіп жүр. Атап айтсақ, Дина Сұлтангереева – акушер-гинеколог, медицина магистрі, Астана қаласындағы “Ана мен бала” ұлттық ғылыми орталығының эстетикалық гинекология бөлімін басқарады. Нұргүл Әбенова – отбасылық дәрігер, сондай-ақ көптеген жылдар бойы медициналық білім беру саласында жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі проректор.
Сұлтангереевтер отбасының ұрпағы да осы саланы дамытып, игі дәстүрді жалғастыруда. Әулеттің үлкен немересі Диас биыл Назарбаев университетінің медицина факультетін аяқтайды. Ол қазіргі уақытта Сингапур университетінде тағылымдамадан өтіп жатыр. Ал Олжас Анкара Баязит университетінің медицина факультетінде оқиды.
- Біздің отбасымызда бала тәрбиесі – әкенің де, ананың да ортақ жауапкершілігі. Әрине, менің жарым балалардың күнделікті тәрбиесімен көбірек айналысты. Бірақ өмірлік қағидаттар мен құндылықтарды, еңбектің қадірін мен де ұлдарымның бойына сіңіруге тырыстым. Біз екеуміз де соғыстан кейінгі қиын заманда өстік. Сондықтан балаларымызға адал еңбек етуді, кішіпейілділік пен жауапкершілікті үйреттік. Үйде бос отырмай, жастайынан физикалық еңбекке баулыдық. Тәрбиемізде ұстанған басты ұстанымымыз — адамгершілік пен еңбек – өмірдің негізі болды. Біз үшін отбасы – бұл тек туған-туыс емес, рухани бірлік, еңбек, жауапкершілік пен адамгершілікті ту еткен үлкен мектеп. Балаға берілген ең үлкен тәрбие — өзіңнің іс-әрекетіңмен үлгі болу. Бүгінгі жетістігіміз – кешегі тәрбие мен берік отбасы іргетасының нәтижесі, - дейді әулеттің тірегі Бақыт Сұлтангереев.
Облысқа танымал отбасы бүгінде еліміздің денсаулық сақтау саласына ғана емес, жалпы қоғамға зор үлес қосуда. Осындай отбасылар әрдайым көпке үлгі, қандай мақтау-марапатқа да лайықты.
Бақыт балалы үйге қонады
Сәрсеновтер әулеті — Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Мөңке би ауылында тұратын көпбалалы отбасы.
Отағасы Ерболат Сәрсенов ауылдағы М.Тәжин атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берсе, келіншегі Ақмарал Сәрсенова — тарих пәнінің мұғалімі. Қазіргі таңда бұл отбасыда бес бала өсіп, тәрбиеленуде.
Үйдің отағасы Ерболат бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарайды. Балаларын әрдайым еңбекке, жауапкершілікке, ұқыптылыққа үйрететін көпбалалы әке қазір ауылда мал шаруашылығымен де айналысады. Сондай-ақ мектепте оқушыларға үстел теннисінен үйірме жүргізеді. Ал зайыбы балалардың жағдайын жасап, үйдің де, мектептің де жұмысына үлгеріп жүр.
- Мен бұл әулетке 2007 жылы келін болып түстім. Өзім көпбалалы отбасынан шыққанмын. Осы әулетке келіп, келіндік міндетімді, одан бөлек ұстаздық қызметімді абыроймен атқарып келемін. Бүгінде жолдасым екеуміз 4 ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Үйдің үлкені Ерасыл қазір 10-сыныпта оқыса, одан кейінгі ұлымыз Нұрасыл 3-сыныпта білім алып жатыр. Қызымыз Дария 1-сыныпқа барса, төртінші баламыз Дарын шағын орталықта тәрбиеленуде. Ал үйдің кенжесі Бақдәулет — үш жаста. Отбасында балалардың тәрбиесіне, үйдің шаруасына енем көмектеседі, - дейді Ақмарал Жаңабайқызы.
Оның айтуынша, әулеттің анасы Биған Тілеубергенова кезінде ұзақ жылдар бойы есепші болып жұмыс істеген. Қазір зейнеткерлік жаста. Ол немерелерінің тәрбиесіне, оқуына әрдайым көмектесіп, атсалысып отырады. Өзі отбасында үш бала өмірге әкеліп, тәрбиелеп, өсірген.
- Қазақ қоғамында әженің орны ерекше. Әже – тек үйдің үлкені емес, мейірім мен даналықтың, тәрбие мен тағылымның қайнар көзі. Әжелер өз өмірлік тәжірибесімен, аналық жүрегімен ұрпаққа үлгі бола білген. Сондықтан біз үйдегі әжеміздің қас-қабағына қарап, әрдайым ақыл-кеңесін тыңдап отырамыз. Балалар да әжесінің айтқанын екі етпейді, үнемі құрметтеп, қадір тұтады, - дейді Ақмарал Сәрсенова.
Көпбалалы ана еңбек жолын М.Тәжин атындағы орта мектепте бастапты. Оның білім беру саласында еңбек еткеніне 15 жыл болған. Ол 2009 жылы “Дипломмен — ауылға” бағдарламасымен келіп, ауыл мектебіне жұмысқа орналасқан. Бүгінде тарих пәнінің мұғалімі ретінде республикалық, облыстық, аудандық байқауларға қатысып, жүлдегер атанған. Оқушылары тарих пәнінен түрлі олимпиадаларға, ғылыми жобаларға қатысып, зор жетістіктерге жетіп жүр. Ұстаз әрі көпбалалы ананың ұзақ жылғы еңбегі еленіп, облыстық білім басқармасынан Алғыс хат алған.
- Көпбалалы отбасы – мейірім мен бірліктің, тәрбиенің мектебі. Қазақ халқы ертеден баланы бақыт, береке санаған. Көпбалалы отбасында өскен балалар бауырмал, көпшіл болады. Негізі, бала тәрбиесі, ең алдымен, отбасынан басталады. Ата-ананың мінезі, сөзі, іс-әрекеті – баланың бойына сіңетін алғашқы үлгі. Ата-ананың махаббаты мен мейірімі, сыйластығы мен жауапкершілігі баланың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға тікелей әсер етеді. Сол себепті әр ата-ана өз іс-әрекетіне сын көзбен қарап, бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарауға тиіс. Себебі ұрпағыңа тәрбие беру – бір күндік емес, өмір бойы жалғасатын үдеріс. Тәрбие бергенде тек сөзбен емес, іспен де көрсету маңызды, - дейді Ақмарал Сәрсенова.
Қазіргі таңда бір отбасында көп баланы тәрбиелеу аса шыдамдылық пен жауапкершілікті, моральдық және материалдық құндылықтарды қажет етеді. Қоғамда түрлі кеселдер көбейген заманда балаға дұрыс тәлім-тәрбие беріп, олардың өз өмірін құруына жағдай жасау — кез келген ата-ананың қолынан келе бермейтін іс. Бұл тұрғында Ерболат пен Ақмарал ұстаздар отбасы ретінде балаларына жақсы білім мен тәрбие беріп, олардың саналы, білімді, жан-жақты азамат болып қалыптасуына барлық мүмкіндікті жасауда.
- Қазіргі таңда қоғамдағы балалардың интернетке тәуелділігі мен буллинг мәселесі ата-ана ретінде бізді қатты алаңдатады. Интернет баланың дамуына, білім алуына мүмкіндік береді. Алайда шектен тыс пайдалану оның денсаулығына, ойлау қабілетіне, тіпті, мінез-құлқына зиян келтіруі мүмкін. Біз, ата-аналар, баланың ғаламторды шамадан тыс қолданғанын байқағанда, оны шектеуге тырысамыз. Бірақ бұл шектеу тыйым салу емес, саналы түрде қолдануға бағыттау болуы керек. Баланың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап, олардың кітап оқуына, спортпен айналысуына, отбасылық әңгімелерге уақыт бөлуіне ықпал етеміз. Сонымен қатар өзіміз де гаджетке тәуелді болмай, балаларымызға үлгі көрсетуге тырысамыз, - дейді көпбалалы ана.
Оның айтуынша, буллинг – баланың психикасына зиян келтіретін қауіпті құбылыс. Өкінішке қарай, қазіргі таңда мектеп жасындағы балалар арасында қорлау, мазақтау, психологиялық қысым көрсету жиілеп барады. Мұндай жағдайда ата-аналар алдымен балаға қолдау білдіруі керек. Баланы тыңдап, жағдайды ашық айтуына мүмкіндік беру маңызды. Сондай-ақ, мектеппен тығыз байланыс орнатып, бұл мәселенің алдын алуға назар аударылуы керек. Қандай жағдай болса да ең алдымен балаға мейірім мен қамқорлық таныту — басты міндет. Бұл тұрғыда Сәрсеновтер әулетінде отбасылық қағида қатаң сақталған: “Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін”.