Ақтөбеде заң бұзған 225 жасөспірім есепке алынды
Ақтөбе облысында жыл басынан бері кәмелетке толмаған 225 жас есепке алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық полиция департаменті ювеналдық полиция тобының бастығы, полиция майоры Ботакөз Жалекешованың айтуынша,өңірде кәмелетке толмағандармен жан-жақты жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан әлі де құқық бұзатын жастардың қатары азаймай отыр. Мәселен, биыл ішкі істер органдарына әртүрлі құқық бұзушылықтар мен қылмыс жасағаны үшін 1832 жасөспірім жеткізілген. Оның 1658-і әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жазаға тартылған.
Жыл басынан бері өңірде балаларын бақылаусыз көшеге жібергені үшін 1492 ата-ана жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ түнгі уақытта ата-анасынсыз немесе заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында болған 112 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, оларды аталған орталықтарға кіргізгені үшін 49 кәсіпкерге әкімшілік жауапкершілік жүктелді. Бұл ретте өз міндеттерін орындамағаны және отбасында балаларына жеткіліксіз бақылау жасағаны үшін 239 ата-ана жазаланды, - дейді ол.
Полиция майорының айтуынша, биыл облыста 67 жасөспірім кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығына орналастырылған. Оның ішінде 39-ы ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар болса, 28-і — қараусыз және панасыз қалған балалар. Сондай-ақ 5 бала арнайы мектепке жіберілген.
Биыл учаскелік және мектеп инспекторлары қылмыс жасаған жасөспірімдер мен олардың жауапсыз ата-аналарына қатысты кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға 200 материал жолдады. Сондай-ақ, біз үш ай ішінде тұрмысы нашар 175 отбасын анықтап, кәмелетке толмаған 225 жасөспірімді ішкі істер органдарына қосымша есепке алдық, - дейді Б.Жалекешова.