500 балаға 1 психолог: Вице-министр мектептердегі мамандар туралы айтты

Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, елімізде психолог мамандарға қажеттілік артқан. Әсіресе жас жеткіншіктермен жұмыс істейтін мамандардың рөлі едәуір үлкен.

Жастар күрделі технологиялық, әлеуметтік өзгерістердің кезеңінде өмір сүруде. Ол әрине, балалар психологиясына өз әсерін тигізбей қоймайды. Қазақстанда балалармен жұмыс істейтін психолог мамандардың үлкен легі қалыптасты. Білім беру ұйымдарында еңбек етіп жатқан психологтардың біліктілігі де артып келеді. Оларға сұраныс та жоғары. Біз барлық өңірде психологиялық қолдау орталықтарын құрдық. Онда 700-ден астам маман балалармен жұмыс істейді, - деп атап өтті Еділ Оспан ІІ халықаралық психологтар форумының кулуарында берген сұхбатында.

Сондай-ақ ведомство өкілі оқу-ағарту саласында психологтардың жұмыс істеуін Үкімет қолдаған.

Қазіргі таңда Үкімет қабылдаған жоспарға сәйкес, биыл өңірлер 500 оқушыға 1 психолог-маманды енгізу үстінде. Бұл көрсеткіш көптеген мектепте орындалды. Мектептер 10 мыңнан астам психологпен қамтылған. Олардың (педагог-психолог мамандардың – ред.) жұмыс функционалы күрделі өзгерістерге ұшырап келеді. Бұрын олар жай ғана балалар мен мектептегі психологиялық атмосфераға жауап беретін болса, қазір әрбір баланың бойындағы ерекшелікті анықтап, соған жеке көзқарас жасауға тырысуда. Ол үшін мамандарға тиісті диагностикалық құралдар берілген. Министрліктің жанында «Өркен» институты бар. Ол арнайы балалардың мінез-құлқына кері әсер етпейтін диагностикалық құралдар әзірледі. Осылайша, балалардың көзқарасы мен психологиялық денсаулығы анықталып отырады, - дейді вице-министр.

Астанада "Балалар мен жастардың қабілеттерін, дарындылығын диагностикалау мен дамытудағы өзекті мәселелер" атты психологтар форумы екінші мәрте түндігін түрді.

Іс-шараны El Umiti Корпоративтік қоры Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды. Халықаралық жиын Қазақстан, Еуропа және Азия елдерінен келген сарапшылар, педагогтер, психологтар мен ата-аналар арасында тәжірибе алмасуға арналған кәсіби диалог алаңына айналып отыр.

Бұған дейін биыл елде балалармен жұмыс істейтін психологтар саны артқанын хабарлаған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »