16 млрд теңге желге ұшты ма? – министр негізсіз жұмсалған қаражат туралы айтты
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев негізсіз жұмсалған 16 миллиард теңгеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет баспасөз орталығында өткен брифингте журналист "Жоғары Палата төрағасы Әлихан Смайылов соңғы 5 жылда оқулықтарды қайталап шығаруға 16 млрд теңге негізсіз бөлінгенін айтты. Негізсіз бөлінуге білім беру саясатының жиі өзгеретіні себеп болған деп отыр. Осы аталған 16 млрд теңгенің қанша бөлігін сіз министр ретінде бөлгіздіңіз?" деп сауал қойды.
Жыл сайын балалардың саны өсуіне байланысты оқулықтарды қайтадан шығару қажеттілігі туындап тұрады. Екіншіден, бастапқы кезеңде оқулықтардағы олқылықтардың орнын толтыруға байланысты үлкен мәселе көтерілгенін білесіздер. Кейбір оқулықтар осындай олқылықтарға байланысты қайтадан басылғаны белгілі. Соңғы кезде оқулық шығарумен байланысты бұйрықтарға өзгеріс енгізілді. Бұдан былай оқулықтағы қателікті баспа жіберген болса, қайта басып шығару шығындары сол баспаның мойнына жүктеледі. Соңғы жылдары бірер баспа қателік кеткен оқулықтарды өз есебінен шығарып берді. Осы қатаң талап әрі қарай да баспаларға қойыла береді, - деп жауап берді министр.
Ведомство басшысы аудит анықтаған 16 млрд теңге жөнінде былай деді:
Бұл маған дейін қабылданған шешімдер. 16 млрд теңгенің қаншасы қалай бөлінгені туралы ақпарат жоқ, - дейді Бейсембаев.
Бұған дейін министр ақша жинауды мектепке жаба салуға болмайтынын айтты.