Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты Нұркент ықшамауданында мектеп тапшылығы тұрғындардың басты мәселесіне айналып отыр. Бұл жағдай тек Нұркентте ғана емес, барлық Алматы қаласының тұрғын үй кешендерінде жиі кездеседі. Ата-аналар балаларын бірінші сыныпқа орналастыра алмай, жанындағы мектептердің толып кеткенін айтып шағымданып жатыр. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі білім беру инфрақұрылымындағы орын тапшылығы жайлы сараптама жасаған еді.
Мектеп тапшылығының себептері қандай?
Қаладағы ықшамаудандар әсіресе Алатау ауданына қарайтын аймақтар соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатыр. Алайда бұл даму білім беру инфрақұрылымымен бірдей қарқынмен жүрмей жатыр.
Мәселенің негізгі себептері:
• Халық санының артуы. Алатау ауданы Алматының ең тығыз қоныстанған аудандарының бірі. Жаңа үйлер мен кешендердің пайдалануға берілуімен халық саны да жыл сайын артып келеді.
• Мектептер санының жеткіліксіздігі. Қазіргі уақытта Алатау ауданындағы 31 мектепте 57 мыңнан астам оқушы білім алуда, ал нақты орын тапшылығы 7 мыңнан асады.
• Құрылыс қарқынының сәйкессіздігі. Жаңа тұрғын үйлер салынғанымен, мектептер саны оларға сәйкес көбейіп үлгермей жатыр.
Бүгінгі таңда тұрғын үй кешендеріндегі мектеп тапшылығы өзекті мәселе болып отыр. Біз тұратын Нұркент ықшамауданындағы екі мектеп те балаларымызды қабылдамай отыр. Екеуі де бір-біріне жіберіп, жауапкершіліктен жалтаруда. Жанымызда тағы екі тұрғын үй кешені салынып жатыр. Олардың балалары қайда оқиды? Егер олар да осы екі мектепке келсе, мектеп тапшылығы одан әрі күрделене түспек. Бұл мәселені шешу үшін жаңа мектептердің құрылысын жеделдету қажет- дейді қала тұрғыны Әсел Жаңбырбай.
Мектеп тапшылығын шешу жолдары
Алматы қаласының Білім басқармасы бұл мәселені шешу үшін бірқатар шаралар қабылдап жатқанын айтты. Алатау аудандық білім беру бөлімінің басшысы Қарлығаш Ақмурзаева жаңа мектептердің құрлысына тоқталып өтті.
Жаңа 2025-2026 оқу жылында “Жайлы мектеп” ұлттық жоба аясында 5 мектептің (Теректі, Самғау, Ақбұлақ, Қарасу шағынауданы) ашылу жоспарда бар. Биылғы жылы Алғабас шағынауданында 2000 орынды, 1200 орынды Ғажайып шағынауданында жаңа мектеп құрылысы жүргізіліп, 2026 жылы аяқталу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Алатау ауданында 17 мектепте 60 жуық мектеп автобусы оқушыларды тегін тасымалдайды. Жаңа оқу жылына қосымша 3 мектепте 23 мектеп автобусына сұраныс берілді, - деді Қарлығаш Ақмурзаева.
ҚР 2007 жылғы 27 шілдедегі №319-III "Білім туралы" Заңының 43-бабының 9-тармағына және ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы №127 қаулысымен бекітілген Білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларының талаптарына сәйкес, бір сыныптағы оқушылар саны 30-дан аспауы тиіс.
Даярлық сыныптарының болмауы
Кейбір мектептерде даярлық сыныптарының жоқ болуы инфрақұрылым мен ресурстардың шектеулігіне байланысты. Қазіргі таңда Алатау ауданында тек 11 мектепте ғана 700 бала даярлық сыныптарында оқуда. Бұл көрсеткішті арттыру жаңа мектептердің ашылуымен реттеледі.
Даярлық сыныптарының жоқтығы ата-аналар үшін қиындық туғызады. Бұл мәселені шешу үшін мектептердің инфрақұрылымын кеңейту қажет. Жаңа мектептердің ашылуы даярлық сыныптарына да орын жетіспеушілігін жоюы тиіс,- деді ата-ана Салтанат Салтанқұлова.
Жазғы лагерьлер мен оқушылардың демалысы
Білім және ғылым министрлігінің және Алматы қаласы Білім басқармасының 2025 жылғы жазғы демалысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқауларына сәйкес, Алматы қаласы бойынша барлық білім беру ұйымдарында мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысы 2025 жылғы 26 мамырдан бастап басталады.
Республикалық "Балдаурен" оқу-сауықтыру орталығына әр ауданнан 20 жуық ең алдымен үздік оқушылар, әлеуметтік осал топтағы балалар және дарынды балалар барады. "Балдаурен" оқу-сауықтыру орталығында әр маусымда тақырыпқа сәйкес дарынды балалардың тізімін мектеп, аудандық білім бөлімдері іріктеп жасайды,- деді Қарлығаш Ақмурзаева Алатау аудандық білім беру бөлімінің басшысы.
Мұғалімдердің біліктілігі
Алматы қаласында жалпы білім беретін мектептерде шамамен 30 000-нан аса мұғалім жұмыс істейді.
Мұғалімнің біліктілігін тексеру – аттестация (5 жылда 1 рет), кәсіби даму курстары (3 жыл сайын), мектепішілік бақылау және Ұлттық біліктілік тестілеу арқылы жүзеге асырылады, - деді Қарлығаш Ақмурзаева.
Алматы қаласының Алатау және Наурызбай аудандарындағы мектеп тапшылығын шешу үшін жүйелі жұмыс қажет. Басты бағыттар:
1. Жаңа мектептер құрылысын жеделдету және олардың сапасын бақылау.
2. Мектеп автобустарының санын арттырып, балаларды қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету.
3. Мұғалімдерге арналған кәсіби даму бағдарламаларын кеңейту.
4. Жазғы лагерьлердің санын арттырып, балалардың демалысын тиімді ұйымдастыру.