Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматыда Құрбан айтта құрбандық шалу құны қанша: базардағы жағдай қалай

6 Маусым 2025, 13:15
3007
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Биыл қасиетті Құрбан айттың бірінші күні 6 маусым жұмаға түсіп тұр. Бұл айтулы мерекеде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Наурызбай ауданындағы “Тау Самалы” мал базарындағы мән-жаймен танысып қайтты.

Алматыда Құрбан айтта құрбандық шалу құны қанша: базардағы жағдай қалай

Құрбан айттың бірінші күнінде базарда құрбандық шалу үшін мал іздеп жүрген халықтың қарасы қалың. Әркім шамасы жеткенше, қалтасына қарай мал ізеуде. Солардың бірі Ернар есімді азамат биыл мұсылманша ниет етіп, алғаш рет құрбандық шалайын деп жатыр.

Биыл мал базардан қой алып, құрбан шалу сәті түсті. Өзім Мамыр ықшам ауданында, пәтерде тұрамын. Базарға сағат таңғы сегізде келіп, 65 мың теңгеге қой таңдап алдым. Қазір осында сойдырып, үйге алып кетемін. Үйде отбасым күтіп отыр. Түсте қонақ шақырамыз, – дейді жергілікті тұрғын.

Алматыда Құрбан айтта құрбандық шалу құны қанша: базардағы жағдай қалай

Қала базарындағы қойдың бағасы оның жасына, салмағаны байланысты 50 мыңнан басталып, 130 мың теңгеге дейін өсе береді.

Сатушылар сөзінше, осы үш күнде мал саудасы қызады, түске дейін адам нөпірі көп болып, түстен кейін саябырланады. Жиырма жылдан бері мал саудасымен айналысып жүрген Мадияр Шаудырбаев қойларын Қордайдан әкелген екен.

Алматыда Құрбан айтта құрбандық шалу құны қанша: базардағы жағдай қалай

Құрбан айтта алғаш рет мал сатып жатырмын. Былтырғы мерекеде қасапшы ретінде қызмет көрсеттім. Базарға 100 бас қой алып келдім. Кешелі бері оның 60-ын саттым. Сауда өте жақсы жүріп жатыр. Құрбандыққа малды бір жастан асқан соң шалады. Қойдың бір келісі қазір нарықта 3500 теңге. Клиенттердің жағдайына қарап, саудаласып, бағасын түсіріп те береміз. Мәселен, 55 мың теңгенің қойын 48 мыңға беріп жібердім, – дейді ол.

Алматыда Құрбан айтта құрбандық шалу құны қанша: базардағы жағдай қалай

Закира Сәтбаеваның да осы базарда мал сатқанына жиырма жылдан астам уақыт өткен. Бұрын өзі мектепте бастауыш сынып оқушыларының мұғалімі болған екен.

Мына ұрғашы қойды қазір 75 мың теңгеге түсіріп бердім. Жылда Құрбан айтта 300 бас қойып әкеліп сатамын, биыл да сол меже. Қойлар Меркі, Айдарлы, Ақшиден келіп жатыр. Қазақтың арқар-мериносы қойына сұраныс көп. Биыл баға аспанға ұшып тұр. Себебі Қырғыстаннан, Өзбекстаннан адамдар келіп, біздің қойлардың еті семіз, дәрумені көп деп, легімен сатып алып кетіп жатыр, – дейді сатушы әйел.

Алматыда Құрбан айтта құрбандық шалу құны қанша: базардағы жағдай қалай

Оның айтуынша, кейбір адам қошқарда иіс болады деп, ұрғашы мал сатып алады.

Негізі бәрі ниетке байланысты ғой, көктемнен шыққан қошқарда ешқандай иіс болмайды. Адамдар қалтасына қарайды, ұрғашы, тоқты, қошқар ала береді, – деді ол.

Ал базардағы қасапшылардың қызмет құны 10-15 мың теңге аралығында, ал малдың ішек-қарнын тазалату 2 мың теңге және басын ұйыту 1000 теңге көлемінде бағаланып жатыр.
 

Алматыда Құрбан айтта құрбандық шалу құны қанша: базардағы жағдай қалай

Сатушылар базарға қой әкеп сатар алдын, оларды ветеринар дәрігерлер тексеріп, құжаттарын түгендеп алады. Арнайы критерийлерге сәйкес келмейтін мал тұқымдары базарға кіргізілмейді.

“Тау самалы” базарында тек қой ғана емес, ірі қара малдары да бар. Сатып алушының қалауына байланысты қарастырылған.

Екі жасар ірі қара малды жеті адамға дейін бірігіп шалуға болады. Ал бір жасар қойды бір адам ғана шалады. Сол себептен де бізден тек қойды ғана емес, ірі қараны да алуға болады, – дейді саудагерлер.

Алматыда Құрбан айтта құрбандық шалу құны қанша: базардағы жағдай қалай
Алматыда Құрбан айтта құрбандық шалу құны қанша: базардағы жағдай қалай

Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қала тұрғындарын қасиетті Құрбан айт мейрамы қарсаңында тамақтан уланудың алдын алу бойынша талаптарды сақтау керек екенін ескертті.

Әрбір малдың тиісті ветеринарлық құжаттары бар (ветеринарлық паспорт, ілеспе құжаттар, құлақшалар) малды сату және сою ветеринарлық қызметтің рұқсаты бар орындарда жүргізілуі керек. Іріңді жаралары мен жеңіл жарақаты бар адамдарды жұмыстан шектеп, тамақ пісіруге және ыдыс-аяқ жууға рұқсат бермеңіз. Тағамды пісіру технологиясын сақтау, дайын өнімдер үшін шикі етке арналған кескіш тақтайлар, пышақтар, ыдыстарды қолданбаңыз. Тез бұзылатын тағамдарды абайлап қолданыңыз, - дейді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары.

Айта кетейік, биыл Алматы қаласында Дін істері басқармасы бекіткен. 12 арнаулы орын ашылды. Құрбандыққа шылатынаты малды онлайн (qurban.muftyat.kz онлайн-сервисы), офлайн сатып алу жолдары қарастырылған.

Құрбан шалу рұқсат етілген орындардың тізімі:

Алатау ауданы бойынша:

1. “Мырзахмет” мешіті. Қарасу ш/а, Солтүстік айналма жолы көшесі, 15.

2. “Әскер ата” мешіті. Айгерім-1 ш/а, Бенберин көшесі, 18/4.

3. “Алғабас” мешіті. Алғабас ш/а, Сайгүбе көшесі, 6.

Бостандық ауданы бойынша:

1. “Бақыткелді” мешіті. Хан-Тәңірі ш/а, Дулати көшесі, 27/11.

Медеу ауданы бойынша:

1. “Омар ибн әл-Хаттаб” мешіті. Жуков көшесі, 136 А.

2. “Аманқұл ата” мешіті. Т. Бигелдинов көшесі, 5.

3. “Фатима” мешіті. Ш. Жәнібек көшесі, 148.

4. “Райымбек батыр” мешіті. Думан-1 ш/а, Хан Тәңірі көшесі, 15.

5. “Арафат” мешіті. Ибрагимов көшесі, 5 А.

Наурызбай ауданы бойынша:

1. “Қалқаман-2” мешіті. Қалқаман-2 ш/а, Аспандияров көшесі, 84.

Түрксіб ауданы бойынша:

1. “Қайрат” мешіті. Қайрат ш/а, Сарымолдаев көшесі, 22.

Жетісу ауданы бойынша:

1. “Әл-Мәдина” мешіті. Федоров көшесі, 12.

Еске салайық, биыл қасиетті Құрбан айт мейрамын мұсылмандар 6, 7 және 8 маусым күндері атап өтеді.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »