Соңғы жылдары Алматының таулы аймақтары тек демалыс орны ғана емес, еліміздің туризм әлеуетінің басты тірегіне айналып келеді. Мемлекет пен шетелдік сарапшылар бірлесе отырып, Алматыны Орталық Азияның басты тау курортына айналдыруды көздеп отыр. Бұл жоба тек туристік инфрақұрылымды дамытумен шектелмейді — ол экологияны сақтауға, инклюзивті орта құруға және қала экономикасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматы тау кластерін дамытуға қатысты ұсынылған жобалардың негізгі бағыттары мен ел үшін маңызын шолу түрінде ұсынамыз.

Болашақтың биігі: Жаңа бастама
Премьер-министр Олжас Бектеновтің Алматыға жасаған жұмыс сапары еліміздің туризм саласындағы ең ауқымды жобаларының біріне жол ашты. Олжас Бектенов Алматы тау кластерінің аумағын тікұшақпен аралап көріп, сала мамандарымен, отандық және шетелдік сарапшылармен кеңес өткізді. Кездесу барысында Түргеннен Қаскелеңге дейінгі аралықты қамтитын үш негізгі аймақты дамыту көзделгені мәлім болды. Бұл жоба Алматыны Орталық Азиядағы ең ірі әрі жыл бойына жұмыс істейтін тау курортына айналдыруды мақсат етеді.
Жобаның үш тірегі: Шығыс, Орталық және Батыс аймақтар
Кешенді жоспарға сәйкес, шығыс, орталық және батыс аймақтарда халықаралық деңгейдегі инфрақұрылым салынады. 300–700 шақырымға дейін шаңғы трассаларын дамыту көзделген. Тек орталық аймақтың өзінде көтергіштер саны 16-дан 58-ге дейін көбейеді. Бұл – өткізу қабілетін тәулігіне 6 мыңнан 34 мың адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Almaty SuperSki: Жаңадан бастаушыларға – жаңа мүмкіндік
PGI Management президенті Жоан Виладомат пен жоба жетекшісі Томас Тор Йенсен таныстырған Almaty SuperSki концепциясы – ерекше назар аударуға тұрарлық. Құмбел шыңы мен Көк-Жайлау шатқалын қамтитын жаңа курорт 65 шақырымнан астам трассаға ие болады. Оның жартысынан көбі жаңадан үйренушілерге арналмақ. Бұл – бұқаралық спорт пен дене белсенділігін насихаттауға үлкен қадам.
Экология мен инклюзия – басым бағыттар
Жоба авторлары табиғи ландшафтты сақтау мен экожүйеге зиян келтірмеу қағидатын басты орынға қойып отыр. Қазу жұмыстары азайтылады, көтергіштер мен трассалар экологияны сақтай отырып салынады. Сонымен қатар, инфрақұрылым мүгедектігі бар жандарға да бейімделген. Бұл – инклюзивті туризмнің нағыз үлгісі.
Әлемдік серіктестік: Франция, АҚШ, Андорра тәжірибесі
Жобаның халықаралық сипаты да ерекше. Horwath HTL (АҚШ), Stem International (Франция) және PGI management (Андорра) сынды әлемдік алпауыт компаниялар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жобаның стратегиялық дамуын бірге жоспарлап отыр. Француз сарапшылары жазғы туризм – веложол, глампинг, этно-қонақүйлер сынды нысандарға да баса мән беріліп жатыр.
Көк-Жайлау қайта "тірілді" ме?
Бұрын тоқтатылған "Көк-Жайлау" жобасы сарапшылар назарын қайта аударды. Ұлттық шаңғы қауымдастығының өкілі Асқар Уәлиев бұл бағытты дамытудың уақыты келгенін жеткізді. Жаңа тәсілдер мен экологиялық ұстанымдар Көк-Жайлауды қайта қолға алуға мүмкіндік беріп отыр.

Инфрақұрылым – мемлекеттің мойнында
Олжас Бектеновтің айтуынша, мемлекет көлік, инженерлік және тау инфрақұрылымының құрылысын өз мойнына алады. Бұл бизнес пен инвестицияны тартуға жол ашады. Сарапшылардың есебінше, тау инфрақұрылымына салынған 1 доллар 2 доллар жеке инвестиция әкелуі мүмкін.
Туризм – экономиканы әртараптандыру тетігі
Бүгінде туризм Алматы өңірлік өнімінің 3,9%-ын құрайды. Қала 2024 жылы 2,3 млн туристі қабылдап, туризм секторы салық көлемін екі есеге арттырды. Бұл – еліміздің шикізатқа тәуелділіктен арылып, экономикасын әртараптандыру жолындағы нақты қадам.
Медеуден жаңа көпірге дейін
Медеу аумағында ECO парк концепциясы ұсынылып, отбасылық және белсенді демалысқа арналған ландшафттық саябақ салынбақ. Сонымен қатар Горельник келушілер орталығы іске қосылып, Jumbaq Jol атты жаяу жүргіншілер бағыты ашылды. Қазіргі уақытта тәулігіне 10 мың адам өткізе алатын аспалы көпірдің құрылысы жүріп жатыр.
Қазақстандағы тау туризмі негізінен Шымбұлаққа тәуелді болып, оның инфрақұрылымы мен қызмет көрсету сапасы қазіргі сұранысқа сай емес. Қысқы маусымда курортта кептеліс, бағалардың қымбаттауы және тұрақ тапшылығы сияқты мәселелер көбейіп, көпшілік үшін қолжетімділікті төмендетуде. Сарапшылар бұл жағдайды жүйесіздік пен монополияның салдары деп санайды.
Қазақстанның тау туризмін кеңейту үшін Тұрген, Қаскелең, Oi-Qaragai сияқты жаңа бағыттарды дамыту қажет. Алайда, инфрақұрылым, жолдар мен сервис сапасы әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Көрші елдер – Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия – туристік инфрақұрылымды жақсартып, арнайы бағдарламалар арқылы туризмді әртараптандыруда. Олар монополияны жойып, жергілікті қауымдастықтарды, экологияны ескере отырып, дамуды жүйелі жолға қойған.
Қазақстан үшін маңыздысы – мемлекет деңгейінде инфрақұрылымды дамыту, заңнаманы жетілдіру, инвестиция тарту және табиғатты қорғау. Сонда ғана еліміз тау туризмінде кең және сапалы қызмет көрсететін, экологиялық және әлеуметтік тепе-теңдігі сақталған бәсекеге қабілетті нарық құра алады.
Қорытынды: Алматы таулары – әлемдік брендке айнала ма?
Almaty Mountains Destination – табиғат, мәдениет пен спортты тоғыстырған жаңа туристік бренд болмақ. Жобаның толық іске асуы арқылы Алматы тек Қазақстанның емес, бүкіл Орталық Азияның туризм астанасына айналуы әбден мүмкін.