Саналы түстер – бұл адам ұйқыда екенін түсініп, түсінде болып жатқан оқиғаларды басқара алатын сирек күй. Нидерландыдағы Радбод медициналық орталығының зерттеушілері осы күйдің нейрофизиологиялық ерекшеліктерін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Lenta.ru-ға сілтеме жасап.
Зерттеу нәтижелері Journal of Neuroscience (Нейроғылым журналы) басылымында жарияланды.
Авторлар қазіргі таңдағы ең ірі деректер жиынтығын жинап, талдады. Олар адамның ми белсенділігін үш түрлі жағдайда салыстырды: ояу кезінде, жылдам көз қимылымен жүретін әдеттегі ұйқы кезінде және саналы түстер көріп жатқан кезде.
Нәтижесінде, саналы түстер кезінде мида әдеттегі ұйқыдан да, ояу күйден де ерекшеленетін ерекше белсенділік үлгілері (паттерндері) пайда болатыны анықталды. Бұл айырмашылықтар мидың жекелеген аймақтарының белсенуіне және олардың бір-бірімен өзара әрекеттесу сипатына қатысты. Бұл өзгерістер, болжам бойынша, қабылдау, жады, өзін-өзі тану және когнитивтік бақылау процестерімен байланысты.
Зерттеу авторларының бірі Чагатай Демирелдің айтуынша, бұл жұмыс сананың ұйқы барысында да қалыптаса алатынын көрсетеді. Бұл дәстүрлі "ұйқы мен ояу күй арасындағы анық шекара бар" деген түсінікті жоққа шығарады. Осылайша, саналы түс мидың мүлдем бөлек күйі ретінде қарастырылады.