Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Адал еңбек – ардың айнасы

1 Маусым 2025, 01:42
1925
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Оның жұмысы сырт көзге қарапайым көрінгенімен, шын мәнінде бұл – тәрбие мен мәдениеттің бастауы. Тазалық бар жерде тәртіп бар, тәртіп бар жерде сапалы білім мен саналы ұрпақ қалыптасатыны сөзсіз. BAQ.KZ тілшісі тазалықшы кісінің еңбегіне үңілді.

Қоғам қандай биікке ұмтылса да, оның негізі – маңдай терімен күн сайын еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшы мамандық иелерінің табанды тіршілігінде жатыр. Қолымен еңбек етіп, жүрегімен ұрпақ тәрбиелеп жүрген жандарды насихаттау – бұл күнде аса маңызды. Өйткені еңбекке адалдық пен өмірге жауапкершілік – болашақтың берік іргетасы. Осындай қадірлі мамандық иелері ауыл-аймақта аз емес. Солардың бірі – Жамбыл ауданы, М.Әуезов атындағы орта мектептің кіші қызметкері Жайнагүл Есенбайқызы. Жайнагүл апай бұл білім ұясында 17 жылдан бері табан аудармай қызмет етіп келеді. Таңғы күнмен жарыса мектепке келіп, әр дәлізді, әр сыныпты тап-тұйнақтай етіп, балаға таза орта жасау үшін аянбай еңбек етеді. Оның жұмысы сырт көзге қарапайым көрінгенімен, шын мәнінде бұл – тәрбие мен мәдениеттің бастауы. Тазалық бар жерде тәртіп бар, тәртіп бар жерде сапалы білім мен саналы ұрпақ қалыптасатыны сөзсіз. BAQ.KZ тілшісі тазалықшы кісінің еңбегіне үңілді.

Бұл мектеп менің екінші үйіме айналды. Таңнан тұрып, есігін ашқаннан бастап әр сыныпты көзбен шолып шығамын. Балалар отырған орта – олардың екінші мекені. Бұл жерде тазалық қана емес, жылулық, тәртіп, ұқыптылық та болуы керек. Әр орындық, әр терезе – болашаққа қызмет ететін бір бөлшек деп білемін, – дейді Жайнагүл апай.

Ол негізінен есепші мамандығын меңгерген. Бірақ өмірлік таңдауын отбасымен байланыстырды. Жолдасы да – осы мектептің қызметкері. Екеуі ауылда қалуды жөн көріп, балаларына ауылдың тыныштығын, ауызбіршілігін, еңбекқорлығын мұра етті. Еңбектің қадірін бала жастан түсініп өскен ұл-қыздары бүгінде ата-анасының берген тәліміне риза.

– Қалада жұмыс тауып, мансап қуып кетуіме де болатын еді. Бірақ мен жолдасыммен бірге болуды, отбасылық өмірді таңдадым. Басты байлығым – отбасы. Осы ауылда, осы мектепте адал еңбек етіп, балаларымды көз алдымда өсірдім. Олар – менің өмірлік жетістігім, – дейді Жайнагүл Есенбайқызы.

Жайнагүл апай тек еден жуушы ғана емес, нағыз тәрбиеші. Балаларға ескерту жасап, орынды жинау, қоқысты тастамау, өзінен кейінгілерге үлгі болу – мұның бәрін ол күнделікті еңбегімен үйретіп жүр. Сөзбен емес, іспен тәрбиелеу – соның ең жарқын көрінісі.

Жастарға айтарым – тазалықтан қашпаңдар. Бұл – тәртіптің, жауапкершіліктің, ұқыптылықтың негізі. Қайда барсаң да, адамды бірінші киімімен емес, өзінен кейінгі ізінен таниды. Егер бір орында тиянақты еңбек етсең, уақыт өте бәрі орнына келеді. Кім болғың келсе де, бірінші – адам болу керек, – дейді Жайнагүл апай.

Қарапайым қызмет атқарып жүріп, үлкен міндет арқалаған жандардың еңбегі – әрқашан құрметке лайық. Жайнагүл апайдың өмір жолы – қазіргі жастар үшін де, болашақ аналар мен еңбек иелері үшін де үлкен сабақ. Ол – ешқандай марапатқа ұмтылмай-ақ, адал еңбегімен ел алғысына бөленіп жүрген тұлға. Оның әр күні – сабыр мен тұрақтылықтың, еңбек пен берекенің көрінісі. Адам өмірінде арман қуып, асқар белестерге ұмтылу маңызды. Бірақ сол биікке апарар жол – адал еңбекпен басталады. Қоғамда әркімнің орны бар, бірақ сол орынды шын мәнінде иелену – жанқиярлықты, төзімділікті, сабырды талап етеді. Жұмысшы мамандықтарының қадірі – сол үнсіз жасалған, көзге көрінбейтін, бірақ жүрекпен сезілетін еңбекте жатыр.

Жайнагүл Есенбайқызының өмір жолына көз жүгіртсек, адамның абыройы тек қызметімен өлшенбейтінін көреміз. Ол – қарапайым қызметкер, бірақ соның өзінде қоғамға адал еңбек пен рухани тәрбие арқылы үлкен үлес қосып отыр. Оның әрбір күні – ұрпаққа үлгі болар еңбек пен тәртіптің мектебі. Ол – айқайламай тәрбиелейді, ескерпей үйретеді, дабырасыз өнеге көрсетеді.

Еңбек ету – мен үшін тек нан табу амалы емес, бұл – өмірлік ұстаным. Тек адал еңбекпен келген несібе ғана адамның жүрегін тыныштандырады. Жұмысымды сүйіп істеймін. Себебі мектеп – ұрпақтың ұясы. Осы ұяда тәртіп пен тазалық болмаса, бала бойына қандай тәрбие сіңеді? Мен мұны өз балаларыма да, өзім тәрбиелеп жүрген жас келіндерге де үнемі айтып отырамын, – дейді Жайнагүл апай.

Қоғамда еңбек адамының мәртебесін көтеру – тек материалдық емес, рухани ұстаным болуы тиіс. Өйткені еңбектің еленуі – адамның ішкі жан-дүниесінің жарықтануы. Адал еңбекпен күн кешкен адамда ар азбайды, ниет бұзылмайды. Осындай адал жандар – мемлекеттің де, ұлттың да, ұрпақтың да шынайы тірегі. Бүгінгі таңда өскелең ұрпаққа тек білім ғана емес, еңбекке құрмет, тазалыққа сүйіспеншілік, ортаға жауапкершілік секілді қасиеттерді дарыту аса маңызды. Бұл – тек ұстаздың немесе ата-ананың міндеті емес, бұл – әр еңбек адамының миссиясы. Жайнагүл Есенбайқызы сынды жандар – осы миссияны үнсіз, бірақ күн сайын орындап жүргендер. Сондықтан бізге, қоғам болып, осындай адамдарды дәріптеу – парыз. Оларсыз елдің іргесі босайды, тәрбие тамыры солады. Ал адал еңбегімен өмір сүрген жан – ешқашан елеусіз қалмайды. Өйткені олар – болашаққа қалатын шынайы мұра қалдырып жүр.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »