Абу Даби Плаза жанындағы №112 стансада екі вагоннан тұратын LRT-ның екінші құрамын орнату жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"City Transportation Systems" компаниясының баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, бірінші құрам жуырда №101 стансаға (Әуежай) орнатылды. Екі құрам 2025 жылдың қыркүйегіне жоспарланған сынақ кезеңі іске қосылғанға дейін стансаларда болады.
№112 стансада LRT екінші құрамын орнату – бұл желінің негізгі учаскелеріне құрамды орналастыру бойынша жұмыстардың бір бөлігі. Әр вагон күрделі логистикалық жолмен жеткізіледі және ауыр көтергіш техника көмегімен орнатылады, – деді «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев.
Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша бұл жұмыстар құрамдарды алдын ала реттеп, қыркүйекте басталатын кешенді сынақтарға дайындауға мүмкіндік береді.
Біз құрылыс кезеңінен инженерлік және пайдалану кезеңіне біртіндеп өтіп жатырмыз, – деп түсіндірді Асылбек Дүйсебаев.
Монтаждау жұмыстары жүк көтергіштігі 450 тонна болатын арнайы ірі габаритті автокран көмегімен орындалды. Құрамдар Түркістан көшесіне Арыс көпірі жағынан, ұзындығы 39 метрді құрайтын (тартқышпен бірге) ірі габаритті тралдармен жеткізілді.