Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Абайтанушы: Биыл Ақтөбе облысында Абай күндері өтеді

21 Мамыр 2025, 14:17
576
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Биыл ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Осы орайда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіндегі “Абайтану және ұлттық руханият” ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереевпен орталықтың жұмысы, мерейтойға орай өткізілетін шаралар жайлы әңгімелескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Абат Шамұлы, алдымен университеттегі “Абайтану және ұлттық руханият” ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы жайлы айтсаңыз. Қашан ашылды, мұнда қандай еңбектер, жәдігерлер бар?

- “Абайтану және ұлттық руханият” ғылыми-зерттеу орталығының негізі 1993 жылдан басталады. Себебі сол кезеңде Ақтөбеде алғаш қазақ филологиясы мамандығын ашқан ғалым, қоғам қайраткері Мұхтар Арынның бастамасымен филология факультетінде “Абайтану” мұражай-кабинеті өз жұмысын бастаған болатын. Сол кезеңде Абайдың Семей қаласындағы қорық-музейінен кафедра профессоры болған Баян Тәліпұлы ағамыз бірқатар материалдар жинақтап әкеліп, “Абайтану” кабинетін жасақтаған еді. Алайда кейін университет екіге бөлінгенде кабинеттің сәні кетті. 

Кейін университетімізге Бауыржан Ердембеков ректор болып келгенде жаңа бастама көтеріп, сол кабинетті жаңғыртып, осы орталықтың ашқан болатын. Содан бұл кабинетті “Абайтану және ұлттық руханият” ғылыми-зерттеу орталығы деп атадық. Себебі Абайды ұлттық руханияттан жеке бөліп қарамайық деп шештік. Жалпы, ұлттық руханиятқа ұлттық фольклор, ұлттық салт-дәстүрлер, ырым-жорамалдар, мақал-мәтелдер сияқты ауыз әдебиетінің барлық жанры кіреді. Бүгінде орталықтың атқаратын өз жоспары бар. Мәселен, осы орталық құрылғаннан кейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай “Жұбановтан — Абайға” деп аталатын республикалық ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырдық. Соның аясында фотоальбом етіп материалдарын шығардық, 30 минуттық деректі фильм түсірдік. Абайдың еліне барып тұрып, Абай жүрген жерлермен жүріп, сол мекеннің тарихымен танысып, көп мағлұмат алып келдік. Абайдың мұражайын, кесенесін аралап шықтық. Экспедицияны өзім бастап бардым, топ құрамында тарихшылар, филологтар, магистранттар — барлығы жеті адам болды. Экспедиция аясында Астана, Павлодар қалаларын аралап, Абайдың еліне барар жолда көптеген тарихи орындарды, Мұхтар Әуезовтің Бөрілідегі музейін, Күшікбай батырдың асуын, Ғазиза қыздың бейітін, Еңлік-Кебектің үңгірі мен ескерткіш-күмбезін аралап, Абайдың кесенесіне барып жеттік. Қазір сол экспедиция жайлы материалдар мен деректі фильм әлеуметтік желілерде сақталған.

Абайтанушы: Биыл Ақтөбе облысында Абай күндері өтеді

Абайдың 175 жылдығына орай еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” атты мақаласы жарияланғаны белгілі. Бұл мақала сонау ХІХ ғасырдағы Абайды бүгінгі қоғамға қалай алып келеміз, Абай несімен жаңа, несімен құнды, біз ақынды осы күнге дейін неге ұмытпай, ұлтымыздың кредосы санап келеміз деген сауалдарға жауап беретіндей программалық мақала болды. Сол кезден бастап Абайға ерекше көңіл бөліне бастады. Одан бергіде университетімізде орталықтың бастамасымен республикалық “Жасымда ғылым бар деп ескермедім” атты инста-байқау өткіздік. Бұл байқауға әр өңірден талантты жастар қатысты. Байқаудың нәтижесі бойынша бірінші орынды Қызылорда облысы, екінші орынды Қарағанды облысы, үшінші орынды Ақтөбе облысы алды. Сөйтіп байқауға бәйге тігіп, шара жоғары деңгейде өткізілді.

Бұдан кейін оқу орнымызда Абайды зерттеу, Абайға және ұлттық руханиятқа байланысты студенттерге дипломдық жұмыстар беру, магистрлік жұмыстардың тақырыптарын таңдау сынды үздіксіз жұмыстар жүргізілді. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар университетімізде жыл бойы жалғаса береді.

Енді аталған орталыққа келсек, “Абайтану және ұлттық руханият” ғылыми-зерттеу орталығы 2018 жылы университеттің Нұрпейіс Байғанин атындағы оқу ғимаратында ашылды. Бүгінде бұл орталықта студенттерге “Абайтану” және басқа да арнаулы пәндерден дәріс өтеді, түрлі кездесулер, конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Қазіргі таңда мұнда Абайға қатысты көне еңбектер, баспасөзде жарияланған материалдар, соңғы шыққан кітаптар, цифрлық және электрондық материалдар бар. Бұған дейін орталықта Мұхтар Әуезовтің 50 томдығы болған, оны жуырда кітапханаға өткіздік. Себебі кітапханамызда Абайдың бұрышы жасақталды, әрі көп кітапты кабинетте күтіп-сақтау қиын.

Абайтанушы: Биыл Ақтөбе облысында Абай күндері өтеді

Бұдан бөлек, бүгінде “Абайтану” кабинетінде zoom-конференциялар, халықаралық, республикалық семинарлар, вебинарлар өтеді, диплом, диссертация қорғау шаралары ұйымдастырылады. Жалпы, филология факультетінің әдебиетке байланысты ғылыми өмірі осы орталықта өтіп жатыр деуге болады.

- Жалпы, Абайды тануға ден қойып жүргеніңізге неше жыл болды? Қазір “Абайтану” пәні қай курстарға оқытылады? Қандай жетістіктеріңіз бар? 

- Мен, негізі, фольклортанушымын. Мені республика көлеміндегі семинарларға, конференцияларға, симпозиумдарға фольклортанушы ретінде шақырады. Жуырда Алматы қаласында “Алпамыс батыр” жырын ЮНЕСКО көлемінде материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізу ұсынылды. Түркі халықтарына ортақ мұраны талқылауға арналған жиынға мен де қатысып қайттым. Бұған дейін дәл осы сияқты Ақтөбеде “Қобыланды батыр және ұлттық рух” тақырыбында республикалық ғылыми конференция өткен болатын. Оған шетелдік, отандық ғалымдар қатысты. Міне, осы басқосуда “Қобыланды батырды” да сол ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізу мәселесі талқыланды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады.

Жалпы, менің тақырыбым — топонимдік фолькор. Мен абайтанушы емеспін. Алайда Абайды бүкіл әдебиетші білуге тиіс деп ойлаймын. Сондықтан бірнеше жылдан бері осы орталыққа жетекшілік етіп келемін. Негізінен, мені Ақтөбе жұрты абайтанушы емес, ономаст-ғалым ретінде таниды. Себебі 20 жылдан бері ономастикалық комиссияның мүшесімін. Ал алматылықтар мені фольклортанушы ретінде біледі.

Абайтанушы: Биыл Ақтөбе облысында Абай күндері өтеді

Сол сияқты Астана қаласында Абайдың 175 жылдығы орай Президенттің тапсырмасына сәйкес Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан Абай академиясы ашылған болатын, қазір сол академияның мүшесімін. Бүгінде аталған академия өңірлердегі “Абайтану” орталығының жұмысын қарап, бақылап отырады. Қызығы, бүгінде еліміздің барлық өңірінде мұндай орталық жоқ. Санаулы жерде ғана бар. Мәселен, еліміздің батыс өңірінде тек Ақтөбеде ғана бар.

Енді бұл орталықтың маңызына келсек, бүгінде университеттің филология факультетіндегі дәрістердің өтуіне, ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүруіне осы “Абайтану және ұлттық руханият” орталығының үлкен үлесі бар. Бұрын “Абайтану” пәні бір ғана курсқа оқытылса, қазір барлық курстың студенттері арнаулы пән ретінде оқиды.

Қарап отырсақ, елімізде “Абайтануды” түгел университет студенттеріне оқытып отырған іргелі оқу орындары да бар. Тіпті, гуманитарлық мамандықтарды былай қойғанда, жаратылыстану мамандықтары да оқып жатқан білім ордалары жетерлік. Біздің оқу орнымыз мұндай деңгейге әлі жете қойған жоқ, дегенмен филология факультетінің барлығына оқытылып жатыр. Мәселен, осыған дейін орталық жетекшісі ретінде “Абайтану” пәнін тарих, педагогика, өнер мамандықтарына оқытайық деген ұсыныс білдірген болатынмын. Алдағы уақытта бұл бастама іске асатын шығар деген сенімдемін.

- Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай оқу орнында қандай іс-шаралар өтеді?

- Университетімізде Абайдың 180 жылдығына орай сәуір айында ғылым апталығы өтті. Сол кезде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Алайда ауқымды жұмыстар енді басталады. Біз қазір Абайды кең көлемде таныту үшін Ақтөбе облысында Абай күндерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Мәселен, өзім бастап бір топ адамды ертіп, керуен боп аудандарды аралаймыз. Топ құрамында оқытушылар, магистранттар, студенттер болады. Баяндамашылар баяндама оқып, Абайдың шығармалары насихатталады. Бұл бағытта біздің облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесіп, іс-шаралар өткізсек деген ниетіміз бар. Сол арқылы Абайды танытып, ұлтымыздың санасының биіктігін, қазақтың асыл сөздері мен салт-дәстүрлерінің маңызын, ұлы ақынның шығармашылығын ұлықтасақ деген ойымыз бар. Әзірге бұл сапардың нақты уақыты белгіленген жоқ. Оқу процесіне байланысты іс-шаралар мерзімі кешеуілдеп жатыр.

- Абайды қаншалықты ұлықтап жүрміз? Жастарға Абайды таныту үшін не істеуіміз керек? Жеке пікіріңіз қандай?

- Абайды біз қазір атаулы даталар кезінде ғана танып жүрміз. Осыған дейін Абайдың 175 жылдығы болғанда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” атты мақала жариялап, одан кейін ақынның 175 жылдығына орай басталған челленджді Ләйлім есімді мектеп оқушысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзіне жолдаған еді. Президенттің өзінен қолдау тапқан челленджді осылай көпшілік лезде іліп әкетті. Тіпті, бұл челлендж Премьер-министрден бастап, министрлерге, әкімдерге жолданып, кеңінен таралғаны есімізде. Осылайша мерейтойлық шаралар бір жылға созылды. Кейін бұл бағыттағы шаралар тоқтап қалды. Биыл да осы үрдіс қайталанады деп ойлаймын. Ұлы ақынның 180 жылдығы келер жылға дейін жалғасады. Жалпы, бізде осындай тенденция бар. Меніңше, облыста Абай күндерін өткізсек, халық ұлы ақынды ұлықтап, сол арқылы есінде сақтайды. Ал егер белгілі бір аудиторияға ғана танытсақ, оны бүкіл халық танып, білмейді.

Абайтанушы: Биыл Ақтөбе облысында Абай күндері өтеді

Сондай-ақ Абайды қазіргі заман талабына сай цифрлық ақпарат кеңістігін қолдана отырып, танытуымыз керек. Абайдың шығармаларын басқа форматта берсек, нәтижелі болар еді және көпшілік арасына кеңірек танылады. Мәселен, жапондарда аниме деген жанр бар. Ол суретпен, мультфильммен беріледі. Бұл жастардың қызығушылығын оятады. Міне, осындай жанрлар арқылы ақынның өлеңдерін, қара сөздерін жазып, таратсақ, жақсы болар еді. Осы тұста айта кету керек, қазір біз Абайды дұрыс оқытып жүрген жоқпыз. Мәселен, ақынның өлеңдерін тек мектептің оқушысына оқытамыз. Онда да мектеп баласына ұғымына сай өлеңдерді бермейміз. Мысалы, 2-сынып оқушысына “Қайран елім, қазағым, қайран жұртым” өлеңін оқытып қоямыз. Ал ол өлеңнің мағынасын кішкентай бала түсінбейді. Сондықтан Абайды оқушының жасына, ұғымына қарай, сондай-ақ, цифрлық технологиялардың көмегімен қызықты етіп оқытуымыз керек. Ал жалпы халыққа Абайдың сөзінің өлмеуінің сыры неден екенін ұғындыруға тиіспіз. Бір сөзбен айтқанда, Абайды оқытып, танытуды халықтың өмір салтына айналдыруымыз керек.

-Әңгімеңізге рақмет!

Абайтанушы: Биыл Ақтөбе облысында Абай күндері өтеді
Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »