Қазақстанның соңғы жаңалықтары

71 млн теңге жымқырған: Шымкентте мектеп директоры мен бас есепші сотталды

22 Мамыр 2025, 21:51
446
Бөлісу:
 istockphoto.com
Фото: istockphoto.com

Шымкентте мектеп директоры мен бас есепші 71 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін 8 жылға сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар – жалпы орта білім беру ұйымының директоры Б. мен бас есепші Д.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Іс материалдарына сәйкес, Б. 2022 жылдың ақпаны мен 2024 жылдың тамызы аралығында аталған мектептің директоры қызметін атқара отырып, бас есепші Д.-мен алдын ала сөз байласу арқылы қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланып, мұғалімдерге жалақыны артық аударту арқылы ірі көлемде ақша қаражатын заңсыз иемденген. Жымқырылған қаражат Д.-ның және оның туыстарының шоттарына аударылып, кейін қолма-қол алынған. Бұл әрекеттер нәтижесінде мемлекетке 71 миллион теңгеден аса мүліктік залал келтірілген, - делінген сот хабарламасында.

Бұған қоса, 2022 жылы директор Б. бала күтімі бойынша демалыста болған мұғалімнен мерзімінен бұрын жұмысқа шыққаны үшін 150 мың теңге көлемінде пара алғаны анықталды.

Сот тергеуі барысында сотталушы Д. өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді. Ал Б. тағылған айыптарды мойындамай, өзін ақтауды сұрады. Прокурор екі сотталушыға да бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.

Сот үкімімен Б. мен Д. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы және 366-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, олар өмір бойына мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазым атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »