Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында бастауыш сынып оқушыларын тамақтандыру бойынша жарияланған 37 миллион теңгеден астам сомаға арналған 12 мемлекеттік сатып алу конкурсының күші жойылды. Бұл туралы облыстық прокуратурадан мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ауданның білім беру бөлімі биылғы 29 қаңтарда 1-4 сыныпта оқитын 731 балаға тамақ ұйымдастыру үшін жалпы сомасы 37 608 176 теңге болатын тендерлер жариялаған. Алайда прокуратура құжаттарды тексеру кезінде перспективалық мәзірдің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтінін анықтады.
Атап айтқанда, мәзірде кейбір күндері балалардың күнделікті рационынан сүт, қант және май сынды негізгі өнімдер мүлде көрсетілмеген.
Сонымен қатар мәзірге 5 компоненттен тұратын күрделі салат енгізілген. Бұл Денсаулық сақтау министрінің «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларын бекіту туралы бұйрығының талаптарын бұзу болып есептеледі, - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, мәзірде 200 грамм шырын орнына тек 165 грамм көлемі көрсетілген, яғни нормадан аз.
Прокуратураның наразылығынан кейін конкурстардың барлығы тоқтатылды.
Ведомствоның мәлімдеуінше, мемлекеттік сатып алу саласындағы заң талаптарының сақталуына бақылау жалғаса береді.